Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Мұғалжар ауданы бойынша су тасқыны кезінде 76 үй мен 3 коммерциялық нысанға зақым келіп, 8 шаруа қожалығы қирады. Зардап шеккендерге 26 млн теңгеден астам біржолғы көмек көрсетілді. Қазір ауданда 7 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі таңда тасқын кезінде су басқан Жағабұлақ ауылында 9 үй, Бірлік ауылында 5 үй салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарын «Айлин СтройПроект» ЖШС жүргізуде.

Одан бөлек, Мұғалжар ауданында су тасқынынан зардап шеккен 55 отбасы баспаналы болды. Ол Ембі қ., Жағабұлақ, Бірлік, Басшилі, Қаракөл, Шеңгелши ауылдарының тұрғындары. Болат Өтемұратов, «Қамқор Ақтөбе – 2024» және «Dar Charity» қоғамдық қорларының қаражатына отбасылар үшін дайын үйлер сатып алынды. Бұл мақсатқа 971 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Ахуалдық орталығының деректері бойынша, Ақтөбе облысында барлығы 4 087 нысанға техникалық зерттеу жүргізілді. Өңірде  511 тұрғын үй қарқынды салынып жатыр. Зардап шеккендерге 441 тұрғын үй сатып алынды. Алдағы уақытта тағы 70 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, 3 004 тұрғын үйде жөндеу жұмыстары аяқталды. Тамыз айының соңына дейін бұл жұмыстар тағы 69 үйде аяқталады.