Ақтөбе облысы: Әйтеке би ауданында салынып жатқан алғашқы жаңа үйлер жақын күндері пайдалануға беріледі

Ақтөбе облысы: Әйтеке би ауданында салынып жатқан алғашқы жаңа үйлер жақын күндері пайдалануға беріледі

Аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаевтың мәліметі бойынша, 20 шілдеге дейін су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың алды бой көтерген жаңа баспаналарға қоныс аудармақ. 3 отбасыға берілетін тұрғын үйлер Темірбек Жүргенов ауылында орналасқан.

Аудандағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан жалпы 150-ге жуық арыз түсіп, комиссияның техникалық бақылауы нәтижесінде, 51 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Соның ішінде, 25 отбасы екінші нарықтағы дайын үйді алуға ынта білдіріп, қазіргі таңда барлығы толықтай баспаналы болды.

Қалған жаңа үй салуды таңдаған 26 тұрғынның жаңа қоныстарының құрылысы қарқынды жүруде. Үйлердің шатырлары жабылуда, есік-терезелері салынып, іштері сырланып, әктелуде. Ауданда құрылыс жұмыстарын үш мердігер компания жүргізуде, «Ерейментау 2005» ЖШС – 13 үй, «Ск Қала» ЖШС – 6 үй, «ГТА Сервис» ЖШС – 7 үйдің құрылысын тамыз айында аяқтап, қолданысқа береді деп жоспарланып отыр.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Ахуалдық орталығының мәліметінше, Ақтөбе облысында барлығы 4 087 объектіге техникалық тексеру жүргізілді. Өңірде  511 тұрғын үй салынып жатыр. Зардап шеккендерге 406 сатып алынды. Алдағы уақытта тағы 97 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, 3003 үйде жөндеу жұмыстары аяқталды. Тамыз айының соңына дейін бұл жұмыстар тағы 70 үйде аяқталады.