
Назарларыңызға Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының орталығында су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін тұрғын үйлер салып жатқан құрылысшылардың біркүндік жұмысын ұсынамыз. Олардың жұмысын онлайн бақылауға да болады, әрбір құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан орындарда бейнебақылау камералары орнатылған.
Ауданда тасқын судан жапа шеккен 150-ге жуық тұрғыннан арыз түскенін айта кеткен жөн. Комиссия техникалық зерттеу нәтижесінде 51 үйді тұруға жарамсыз деп таныған. Соның ішінде, 25 отбасы екінші нарықтағы дайын үйді алуға ынта білдіріп, қазіргі таңда барлығы толықтай баспаналы болды. Ал қалған 26 отбасы жаңа үйлерінің салынып біткенін күтуде. Баспаналардың бой көтеруіне «Ерейментау 2005» ЖШС – 13 үй, «Ск Қала» ЖШС – 6 үй және «ГТА Сервис» ЖШС – 7 үй сияқты үш компания септігін тигізіп жатыр.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Ахуалдық орталығының мәліметінше, Ақтөбе облысында барлығы 4 087 объектіге техникалық зерттеу жүргізілді, оның нәтижелері бойынша келесі шаралар жоспарланған:
- 517 тұрғын үй салу – 517 басталды;
- 486 тұрғын үй сатып алу – 349 сатып алынды;
- 3 084 тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу – 2 587 аяқталды.