
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі азаматтарды тез арада жаңа баспанамен қамтамасыз ету мақсатында су тасқынының зардаптарын жою бойынша белсенді шаралар қабылдауда.
Оралда ауқымды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, оның аясында су тасқынынан зардап шеккендерге 450 үй салынады. Сондай-ақ баспанасынан айырылған азаматтарға қосымша 580 жаңа пәтердің құрылысы жүргізілуде.
Құрылыс барысын gov.kz порталы арқылы онлайн бақылауға болады, бұл ашықтықты қамтамасыз етеді және әрбір азаматқа нақты уақыт режимінде жұмыс барысын бақылауға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев зақымданған нысандарды сапалы әрі нақты техникалық зерттеу қажеттігін атап өтті. Бұл көмек пен ресурстарды әділ бөлуге, шын мәнінде қолдауды қажет ететіндерге жеткізуге мүмкіндік береді.
Инфрақұрылымды қалпына келтіру және зардап шеккен азаматтар үшін қауіпсіз өмір сүру жағдайларын жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Министрлік жаңа тұрғын үйлер салумен қатар, қолданыстағы нысандарды жаңғыртуға және қалалық инфрақұрылымды жақсартуға да назар аударып отырғанын айта кеткен жөн.
Қазіргі уақытта 1 000-нан астам құрылысшы мен ондаған арнайы техника жұмылдырылған. Құрылысты жеделдетіп, зардап шеккен отбасыларды жаңа баспанамен қамтамасыз ету үшін жұмыс екі ауысымда жүргізілуде.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жағдайды бақылауды жалғастыруда және туындаған барлық мәселелерді тиімді шешу үшін жергілікті атқарушы органдармен және қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеуде.
Осы қиын кезеңде шыдамдылық танытып, қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Министрлік зардап шеккен аудандардағы әдеттегі өмірді тез қалпына келтіруге бар күшін салуда.