
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «Кореяның Геологиялық ғылымдар және минералдық ресурстар институтының» (KIGAM) президенті Сеокжун Ли және «SK ECOPLANT» компаниясының вице-президенті Пайк Хансонмен кездесті. Оған «Тау-кен Самрук» АҚ басқарма төрағасы Бақыт Шыршықбаев және «Қазгеология» АҚ бас директорының м.а Дәурен Әбуов та қатысты.
Кездесу онлайн форматта өтті және Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібін дамытудағы ынтымақтастығын орнату жолындағы кезекті қадам болды.
Министр қос ұйымның қызметімен танысып, ықтимал ынтымақтастық бойынша ұсыныстарды тыңдады. «KIGAM» және «SK ECOPLANT» өкілдері бірлескен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге және литийді одан әрі өндіруге қызығушылық танытты.
Сонымен қатар «KIGAM» Қазақстанда литий карбонаты мен литий гидроксидін өндіретін зауыт салуға қызығушылық білдірді. Литий – электрлі көліктерге, портативті құрылғыларға және басқа технологияларға арналған аккумуляторларды өндіруде қолданылатын стратегиялық ресурс.
Қазақстанда мұндай кәсіпорындардың салынуы отандық өнеркәсіптің дамуына септігін тигізіп қана қоймай, еліміздің литий өңдеудің заманауи технологияларына қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға әкелуі мүмкін.
Қанат Шарлапаев қазақстандық тараптың «KIGAM» және «SK ECOPLANT» өкілдерінің бастамасын қолдауға және жобаны жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан қажетті қолдау шараларын ұсынуға дайын екенін атап өтті. Сондай-ақ тараптар Астанада кеңейтілген отырыс өткізуге келісті
Ұсынылып отырған байыту фабрикасы мен литий карбонаты мен литий гидроксидін өндіретін зауыт құрылысы екі елдің экономикалық дамуына маңызды үлес болмақ.
«KIGAM» Қазақстанмен бір жылдан бері ынтымақтастық орнатқанын айта кеткен жөн. Корей институтының өкілдері «Казгеология» АҚ-мен бірлесіп Бакенное кен орындарында геологиялық барлау және геофизикалық жұмыстар жүргізген. Қазіргі уақытта Бакенное кен орнында барлауға және одан әрі өндіруге «KIGAM» компаниясына лицензия беру мәселесі қарастырылуда.