
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Қытай Халық Республикасының «Pacific Construction Group» (PCG) құрылыс компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді.
Pacific Construction Group президенті Сонг Шаотин компанияның қызметі мен аяқталған жобалары туралы айтты. Министр Қанат Шарлапаев пен Сонг Шаотинг құрылыс саласындағы инвестициялық ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
PCG - Қытайдағы ең ірі жеке құрылыс компаниясы. Ірі инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салады. Негізгі қызмет түрі инфрақұрылымдық жобаларды салу, соның ішінде жолдар, көпірлер, порттар мен өнеркәсіптік нысандар салу болып табылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты қарым-қатынастардың одан әрі нығаюына сенім білдіріп, өзара тиімді серіктестікке дайын екендіктерін білдірді. Тараптар ынтымақтастықтың бизнес үлгісін және шетелдік компаниялардың Қазақстан Республикасындағы құрылыс жобаларына қатысу жолдарын талқылады.
Анықтама үшін: Pacific Construction Group – 1986 жылы негізі қаланған Қытайдағы ең ірі жеке құрылыс компаниясы, штаб-пәтері Үрімшіде, Шыңжаңда. Компания 10 жыл қатарынан Fortune Global 500 тізіміне еніп, әлемдік құрылыс индустриясында 1-ші орынды иеленді. Негізгі қызмет түрі ірі инфрақұрылымдық жобаларға, соның ішінде жолдар, көпірлер, порттар мен өнеркәсіптік нысандар құрылысына инвестиция салу. Компания Шанхай – Нанкин, Шанхай – Чжухай, Бейжің – Шанхай, Пекин – Гонконг, Ляньхуо автожолдарын және Қытай провинцияларындағы қалаларды салуға қатысты. Қазір компанияда 700 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді.