
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев а.ж. 28 мамырында Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде өңдеу өнеркәсібі өсудің оң динамикасын көрсетіп келетінін айтты.
2024 жылғы 4 айдың көрсеткіші бойынша өндіріс көлемі 7,1 трлн теңгені құрап, 5,6 млрд доллар болатын өңдеу өнеркәсібі тауарлары экспортталды. Сала өсімі 5,2% құрады.
Металлургия өнеркәсібінде өсім 5,1% құрап, 1 млн тонна шойын, 1,3 млн тонна болат, 834 мың тонна тегіс прокат, 87,4 мың тонна алюминий, 89 мың тонн мырыш және 159,8 мың тоннадай мыс өндірілді.
«Биыл металлургия саласында инвестиция көлемі 464,2 млрд теңгені құрайтын және 4,700 астам жұмыс орнын ашатын 21 жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың ішінде Қарағанды облысындағы «ТЭМПО Қазақстан» болат құбырларын өндіру зауыты және Шымкент қаласындағы «QazAlPack» алюминий қаптамасын шығару кешенін ұлғайту жобалары бар», – деді Министр.
Машина жасау саласының өсімі 22% құрады. Атап айтқанда, автомобиль өндірісі 8,6% ұлғайып, 46 мыңнан астам бірлік өндірілді. Жалпы алғанда, 2024 жылы 160 мың автомобиль шығару жоспарлануда. Сонымен қатар, Машина жасауды дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарының іс-шараларын іске асыру аясында өндіріс көлемін 2 есеге арттыру жоспарлануда.
Қанат Шарлапаев жалпы ауданы 8 өңірде 200 мың ш. м. болатын шағын өнеркәсіптік аймақ құру жоспарлануда. Олардың құрылысына 30 млрд теңге бөлінді. 2024 жылғы жобалар пулында 1,5 трлн теңгені құрайтын 180 жоба бар. Бұл жобалар іске қосылғанда, 18 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.
Осы жобалар қатарында жүк автомобильдеріне арналған компоненттер, керамикалық плиталар, жылу оқшаулағыш материалдар, ферросилиций және вольфрам концентратын өндіру жобалары бар.