ҚР Парламенті Сенаты Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялады

ҚР Парламенті Сенаты Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялады

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары а. ж. 16 мамырында «Өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларын іске асыруда Еуразиялық экономикалық одақтың мүше мемлекеттердің қаржылық көмек көрсетуі бөлігінде 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қабылдады. Депуттардың сұрақтарына ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова жауап берді.

         Заңның мақсаты – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіп салаларындағы бірлескен кооперациялық жобаларын қаржыландырудың құқықтық негіздерін жасауға бағытталған Хаттаманы ратификациялау. Жобалар тізімін Үкіметаралық кеңес белгілейтінін айта кеткен жөн. Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі жобаны мақұлдау туралы шешімді қабылдайды.

         Қаржыландыруға келетін болсақ, қаржы жылында арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бюджеттеріне түсетін түсімдердің жалпы көлемінің 10%-ы көз болады. Бұл ретте бір жобаны субсидиялаудың ең жоғары мөлшері жылына 1,8 млрд теңгені құрайтын болады. Ал коммерциялық несиенің мөлшерлемесі базалық мөлшерлеменің 6,5 %-ынан аспауы керек.

         Вице-министр Ж.Дүбірованың айтуынша, жобаларды іріктеу кезінде критерийлер белгіленеді – ЕАЭО-ның үш және одан да көп мүше мемлекеттердің кәсіпорындарының қатысуы, жабдықтарды, технологияларды, қызметтерді жеткізу немесе инвестициялау арқылы басқа қарызгер елдердің қатысуы, сондай-ақ кооперациялық жоба аясында өндірілген өнімдер ЕАЭО-ның мүше мемлекеттерден шыққан деп саналуы тиіс.

Жоба пилоттық түрде бес жыл мерзімде жүргізіліп, мүше мемлекеттер тарапынан қарсылық болмаған жағдайда ұзарту мүмкіндігіне ие.

 

 

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі