Қанат Шарлапаев Вьетнам Республикасының Өнеркәсіп және сауда министрімен кездесті

Қанат Шарлапаев Вьетнам Республикасының Өнеркәсіп және сауда министрімен кездесті

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев а. ж. 15 мамырында Вьетнам Республикасының Өнеркәсіп және сауда министрі Нгуен Хонг Зиенмен және Вьетнам Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісі Фам Тхай Ньы Майдың қатысуымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы ағымдағы ынтымақтастықты, сондай-ақ тауар айналымын арттырудың әлеуетті бағыттарын талқылады.

Қазақстан мен Вьетнамның ұзақ мерзімді ынтымақтастықта айтарлықтай тәжірибесі бар. 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 979 млн АҚШ долл. құрады. Өнеркәсіптік тауарлар сегментінде өткен жылы тауар айналымы 958 млн АҚШ долл. болса, 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы көрсеткіштер 229 млн АҚШ долл. құрады.

         Вьетнам Республикасының өкілдері Қазақстандағы кен орындарын игеруге, сондай-ақ химия өнеркәсібіндегі ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.

Одан бөлек, вьетнамдық тарап жеңіл өнеркәсіп, машина жасауды автоматтандыру, энергетика, ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі және т.б. салалар үшін синхронды жабдықты әзірлеу, өндіру және жеткізу бойынша бірлескен жұмыстардың келешегін атап өтті.

         Министр өз кезегінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың жоғары әлеуетін және Қазақстанның өндірістік кооперацияны құруға мүдделі екенін атап өтті.

Вьетнам тарапы да қызығушылық танытып, Қанат Шарлапаев ынтымақтастықты кеңейту үшін жұмыс тобын құру жөнінде тапсырма берді.

 

 

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі