ҚазҚСҒЗИ: зілзалаға төзімді құрылыстағы үздік дәстүрлер және озық технологиялар

ҚазҚСҒЗИ: зілзалаға төзімді құрылыстағы үздік дәстүрлер және озық технологиялар

Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты ("ҚазҚСҒЗИ" АҚ) – аса күрделі инженерлік-геологиялық жағдайлары бар аудандар мен жер сілкінісі болған аймақтарды қоса алғанда, Қазақстанның құрылыс кешені проблемалары бойынша республикадағы жалғыз бас мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау ұйымы.

Институт құрылған сәтінен бастап әлеуметтік және азаматтық, сондай-ақ өнеркәсіптік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өзекті өндірістік міндеттерді шешуге, сондай-ақ жобалау мен құрылыс саласында неғұрлым қолайлы және тиімді техникалық шешімдерді әзірлеуге белсенді қатысты.

Бүгінгі таңда "ҚазҚСҒЗИ" АҚ (Институт) келесі стратегиялық бағыттарға баса назар аударуда: құрылыс саласын цифрландыру, оның ішінде құрылыс объектілерін ақпараттық үлгілеу технологияларын енгізу, құрылыста баға белгілеу жүйесін жетілдіру, халықаралық стандарттар негізінде сейсмикалық қауіпсіздік және құрылыс саласындағы техникалық реттеу жүйесін реформалау бойынша жұмыстарды жалғастыру.

Құрылу тарихы

"ҚазҚСҒЗИ" АҚ-ның тарихы 1931 жылдың 7 қыркүйегінен бастау алады. Ол кездері Институт құрылыс материалдары мен ғимараттарының ғылыми-зерттеу институты (ҚМжҒҒЗИ) деп аталды. 80 жыл ішінде бірқатар өзгерістерден кейін 2012 жылы қазіргі "ҚазҚСҒЗИ" АҚ атауын алды.

Бүгінгі таңда "ҚазҚСҒЗИ" АҚ 6 негізгі орталықтан тұрады. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Өскемен және Тараз қалаларында филиалдары бар. "ҚазҚСҒЗИ" АҚ бас кеңсесі Алматыда орналасқан.

Ғылым

"ҚазҚСҒЗИ" АҚ ғылыми мектебінің негізгі нәтижелері сейсмотұрақты құрылыс теориясы мен практикасының іргелі мәселелерін шешуге, кернеулі темірбетон құрылымдарын алдын ала тиімді енгізуге, ғимараттарда инструменталдық сейсмометриялық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізуге, сондай-ақ ғимараттарды жер сілкінісінен қорғауға және олардың салдарын жоюға бағытталады.

Институт мамандарының ғылыми мақалалары Scopus беделді базасына кіретін халықаралық ғылыми журналдарда сұранысқа ие және жариялануда. Соңғы жылдары құрылыс объектілерін ақпараттық үлгілеу технологияларын енгізуді ғылыми сүйемелдеуге ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы, 2018 жылы Әл-Фараби даңғылынан оңтүстікке қарай ғимараттар енінің, Алматы қаласы құрылысындағы жел режимінің өзгеруіне әсері туралы ғылыми жұмыс жүргізілді.

"ҚазҚСҒЗИ" АҚ-ның ғылыми зерттеулерінің нәтижелері КСРО мен Қазақстан Республикасының нормативтік құжаттарын құрастыруда пайдаланылды.

Осындай бірегей эксперименттердің бірі 1967 жылы Алматы қаласы маңында Медеу шатқалында өткізілді. Селден қорғау бөгетін салу кезінде қуатты жер асты жарылыстарының көмегімен 6 үлкен ғимарат сынақтан өткізілді және ірі панельді, қаңқалы және кірпіш ғимараттардың сейсмикалық төзімділігін бағалауға мүмкіндік туды.

Институт әзірлеген 2.03-30-2006 "Сейсмикалық аудандардағы құрылыс" ҚНжЕ ТМД елдерінің ең үздік мамандары жоғары бағалады. Бұл нормалар институттың келісімімен Өзбекстан мен Қырғызстанның осыған ұқсас құжаттарын әзірлеу кезінде үлгі ретінде алынды. ҚР нормаларының жекелеген ережелері Ресей мен Украинаның нормативтік құжаттары бөлімдерінде пайдаланылған. Институт Еуропалық стандарттар (Еурокодтар) негізінде ҚР жаңа нормативтік базасын жаңартуға қатысты. Институттың қатысуымен 10 Еурокод, 57 Ұлттық қосымшалар және 69 ҒТП әзірленіп, қабылданды.

Сейсмикалық төзімді құрылыс

Институтта Қазақстан ғана емес, Орталық Азияда сейсмотұрақтылық проблемаларын шешуге қабілетті жоғары білікті ғылыми қызметкерлер мен ғалымдар қызмет етеді. Сейсмикалық аудандардағы ғимараттар мен құрылыстарды қалпына келтіру және нығайту бойынша үлкен тәжірибе жинақталған. Институт жұмыстары Қазақстанда белгілі және оның беделін ТМД және алыс шетелдегі әріптестері мойындады.

"ҚазҚСҒЗИ" АҚ - биік ғимараттардағы вибродинамикалық сынақтарды жүргізетін ТМД-дағы жалғыз ұйым. Осыған дейін Алматы, Шымкент және Қапшағай қалаларында салынған биік ғимараттарға 20-дан астам сынақ жүргізілді.

Соңғы жылдары Қазақстан құрылыс нарығында жаңа тиімді материалдардың, бұйымдар пайда болды және оларды сейсмикалық төзімді құрылысқа эксперименттік зерттеулерсіз кеңінен енгізу мүмкін емес.

2018 жылы "ҚазҚСҒЗИ" АҚ Орталық ғылыми-зерттеу зертханасын жаңарту бойынша ауқымды жоба басталды. Құрылыс материалдары мен конструкцияларына бірегей эксперименттік зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа жабдықтар сатып алынды.

2016-2020 жылдар аралығында институт орындаған әлеуметтік маңызды жұмыстардың бірі – Алматы қаласының Зерделі (бұрынғы Алғабас) шағын ауданындағы қисайған үйлерді қалпына келтіру бойынша ұсыныстар әзірлеу, «Алматы қаласының жылжымайтын мүлік объектілерін паспорттау» ауқымды бағдарламасына қатысты, 10 мыңнан астам құрылыстың сейсмикалық төзімділігіне тексеру жүргізілді.

ТЖ салдарын жою

Институт мамандары Қазақстан аумағында да, одан тыс мемлекеттерде де төтенше жағдайлар салдарын жоюға қатысты: 1976 және 1984 жылдары Газлидегі (Өзбекстан) жойқын жер сілкінісі салдарын жою, 1985 жылы Қайраққұм (Тәжікстан); 1986 жылы Карпат (Молдавия аумағында); 1988 жылы Спитак (Армения); 1991 жылы Рача-Имеретиндік (Грузия); 1999 жылы Түркия, 1991 жылы Зайсан аумағындағы жер сілкінісі, 1999 жылы  Түркиядағы жер сілкінісі, 2003 жылы Луговой, 1993 - 2009 жылдары Текелі, 2011 жылы Орал, 2011 жылы Маловодное аумағында, 2010 жылы Қызылағаш су тасқынынан зардап шеккен үйлерді,  2019 жылы Арыс қаласындағы жарылыстан қираған үйлерді қалпына келтіру бойынша ұсыныстар берілді.

Халықаралық ынтымақтастық

Институт сарапшыларының беделі халықаралық деңгейде де мойындалды. "ҚазҚСҒЗИ" АҚ көп жылдар бойы JICA Жапон халықаралық ынтымақтастық агенттігімен бірлесе қызмет атқарады.

2018 жылы "ҚазҚСҒЗИ" АҚ базасында ТМД елдерінің құрылысында ақпараттық модельдеу технологиясы саласындағы нормативтік - техникалық базаны дамыту бойынша комиссия құрылды.

2019 жылғы маусымда "ҚазҚСҒЗИ" АҚ "Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің сейсмикаға төзімді құрылысы саласындағы базалық ұйым" мәртебесі берілді.

2019 жылы "ҚазҚСҒЗИ" АҚ ТМД елдерінің құрылыс қызметіндегі ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық кеңесі қолдауымен ТМД елдерінің құрылыс саласындағы баға белгілеу жөніндегі комиссияның отырысын ұйымдастырды. Қазақстан, Ресей, Белоруссия, Қырғызстан, Армения, Молдавия өкілдері өз елдерінде қолданылатын баға белгілеу жүйесінің артықшылықтары мен кемшіліктерін талқылады. Алынған тәжірибе ҚР баға белгілеу жүйесін жетілдіру кезінде қолданылды.

Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде "ҚазҚСҒЗИ" АҚ сарапшылары 2018 жылы Ташкенттегі 9 қабатты үйдің бірегей дірілдік - динамикалық сынағын өткізді. Сынақ нәтижесі бойынша "Өзбекстандағы қолжетімді тұрғын үй" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде типтік жоба ретінде тұрғын үйді пайдалану мүмкіндігі туралы шешім қабылданды. 2019 жылы Қырғызстанда ЖБЖҚ конструкциясына вибродинамикалық сынақ жүргізілді.

Ақпараттық модельдеу

2017 жылдан бастап "ҚазҚСҒЗИ" АҚ ҚР құрылыс саласына ақпараттық модельдеу технологиясын (ҚОАМТ) енгізу операторы. Осы уақыт ішінде ҚОАМТ енгізу тұжырымдамасы қабылданды. Нормативтік-техникалық құжаттар әзірленді. BIM-ге бағытталған құрылыс элементтерінің жіктегіші әзірленді. Құрылыс нормативтерін машиналды түрде оқылатын форматқа көшіру және цифрлау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бұл бұдан әрі құрылыс объектілері ақпараттық модельдерін сараптауды автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Баға белгілеу

"ҚазҚСҒЗИ" АҚ баға белгілеу саласындағы зерттеулермен айналысады. Сондай-ақ құрылыстағы баға мониторингін жүргізеді (баға жинақтарын қалыптастыру, баға белгілеу нормативтерін, технологиялық карталарды әзірлеу және т.б.). Институт нарықтық экономикасы дамыған елдердің тәжірибесін ескере отырып, баға белгілеу жүйесін жоспарлы түрде өзгертумен айналысады.

Цифрландыру тетіктері белсенді енгізілуде, құрылыс материалдары мен бұйымдарының бағасын жинау рәсімі толығымен автоматтандырылған, құрылыс материалдары мен бұйымдарының бағасына ведомстволық статистикалық бақылау енгізілген.

Өткен жылдан бастап құрылыс объектілерін ақпараттық үлгілеу технологияларымен интеграциялау мүмкіндігімен элементтік сметалық нормаларды әзірлеу бойынша жұмыс басталды. Сондай-ақ, шетелдердің тәжірибесі бойынша баға белгілеу жүйесіне жекелеген бағаларды енгізу мүмкіндігі туралы эксперименталдық жұмыстар жүргізілуде. Бұл мамандар жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді.

2021 жылдың 7 қыркүйегінде "ҚазҚСҒЗИ" АҚ 90 жылдық мерейтойын атап өтпек. Көп жылдық тарихында Институт бірегей кадрлық резерв пен сабақтастықты сақтай алды. Ғалымдардың аға буыны жас ғалымдарға сейсмотұрақты құрылыс саласында жинақталған тәжірибе мен білімдерін беріп, олар өз кезегінде құрылыстағы жаңа технологиялар саласындағы жұмыстарды күшейтуге барынша үлес қоспақ.