
Қазақстан Республикасы өзінің минералдық-шикізаттық базасын дамытуда жаңа тәсілдер мен стратегияларды енгізудің арқасында жаһандық геологиялық аренадағы негізгі ойыншы ретіндегі ұстанымын нығайтуды жалғастыруда. Қазақстанның геология саласының қазіргі жағдайы тұрақты экономикалық өсудің жоғары әлеуеті мен перспективаларымен сипатталады.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің ғимаратында өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров айтты.
Мемлекет басшысы 2026 жылға қарай 2,2 миллион шаршы шақырым аумақты барлау алаңына қол жеткізуді тапсырды. Бұл экономиканың одан әрі өсуіне және еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін өршіл мақсат.
Еліміз табиғи ресурстарды өндіру мен барлауда тиімділік пен ашықтықты арттыруға бағытталған жаңа тәсілдер мен стратегияларды енгізе отырып, геологиялық саланы дамыту жолын жалғастыруда. Заманауи сын-қатерлер инновациялық шешімдерді талап етеді, ал Қазақстан жаңа шындықтарға белсенді түрде бейімделуде.
Өткен жылы 74 жер қойнауы учаскесі бойынша екі сәтті аукцион өткізіліп, нәтижесінде 3,5 миллиард теңгеге жуық сомаға бонустарға қол қойылды. Бұл табыс бизнестің елдің тау-кен саласына инвестиция салуға деген қызығушылығын растайды. Ал ағымдағы жылдың маусым айының соңына дейін қайтарылған 23 кен орнының аукционы жоспарланған, сонымен қатар 83 резервтік кен орны аукционға шығарылуда. Барлық аукциондарда елдегі орташа қайта бөлу деңгейінен төмен емес өндірісті іске қосу және өңірлердің әлеуметтік дамуына қаражат бөлу міндеті белгіленеді.
Геологиялық ақпаратты цифрландырудағы маңызды қадам қазірдің өзінде ондаған мың геологиялық есептермен толтырылған «MINERALS.GOV.KZ» ақпараттық платформасының іске қосылуы болды. Геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік қызметтерді одан әрі цифрландыру жоспарлануда, бұл инвесторлар үшін үрдістерді ашық әрі тиімді етеді.
Жер қойнауын пайдалануға жеке инвестициялар тұрақты өсім көрсетіп, Riotinto, Fortescue, Kratos Resources және т.б. сияқты ірі халықаралық компанияларды тартуда. Бұл компаниялар өңірлердің тұрақты дамуына ықпал ететін жер қойнауын барлау мен әлеуметтік жобаларға қомақты қаржы салуды жоспарлап отыр.
Жер қойнауын барлаудың жаңа тәсілдері қашықтықтан зондтау, әуедегі геофизикалық зерттеулер және спектрлік деректерді талдау сияқты заманауи технологияларды қолдануды қамтиды. Бұл жаңалықтар перспективалы жер қойнауы учаскелерін табуға және барлау басталғаннан кен орындарын ашуға дейінгі уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.
Қазақстан геологиялық ақпаратты сақтаудың заманауи инфрақұрылымын құруға ұмтылуда және жақын арада Астанада геологиялық сала үшін құнды деректерді сенімді сақтауды қамтамасыз ететін сақтау орны салынады.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі