Биылғы 5 айда елімізде жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі 10,8% артты

Биылғы 5 айда елімізде жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі 10,8% артты

Бүгін, 2020 жылғы 9 маусымда өткен биылғы 5 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланған Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндама жасады.

Осы мерзім ішінде елімізде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,8%, оның ішінде тау-кен өндіру – 5,2%, өңдеу – 4,9% артты. 13 өңір оң нәтиже көрсетті.

Тау-кен өндіру секторында түсті кендерді өндіру «Қазақмыс» корпорациясы» АҚ, «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ кәсіпорындарында кен өндіру көлемінің артуы есебінен 3,3% өсті.

Темір кен өндіру өткізу нарықтарын дәстүрлі елдерден Қытай нарығына қайта бағдарлау, сондай-ақ «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, , «Өркен» ЖШС, «Bapy Mining» ЖШС кәсіпорындарында кен өндіру көлемінің артуы есебінен 8,9% өсті.

Көмір өнімдерін тұтыну көлемінің артуына байланысты көмір өндіру көлемі 102,9% болды. 

Өңдеу өнеркәсібінде нақты көлем индексі түсті металлургия, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, машина жасаужәне басқа да салалар есебінен 4,9% өсті. 

Түсті металлургияда тазартылған мыс өндірісі 17%, алтын құймалары 21%, түйіршіктердегі күміс 23%, мыс сымдары 7% өсуіне байланысты нақты көлем индексі 6,6% артты.

Қара металлургияда нақты көлем индексі 97,6% құрады.

Химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 2,2% төмендеді. Пештің мамыр айына дейін күрделі жөндеуге тоқтатылуына байланысты «Қазфосфат» ЖШС өндіріс көлемі қысқарды.  

Машина жасау саласы жақсы нәтиже көрсетіп, өндіріс көлемі 18,5% өсті. Оның ішінде автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер 47,1%, машиналар мен жабдықтар 6,7%, өзге көлік құралдарын жасау 125,2%, компьютерлер жасау 3,8% артты. 

Фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 21,2% артты. Өсім «Абди Ибрахим Глобал Фарм» компаниясында өнімнің 2 есеге ұлғаюына байланысты болды.

Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс өсімі 10,8% көрсетті. Ол тоқыма бұйымдары өндірісінің 10,7%, былғары өнімдердің 9,9%, киім өндірісінің 6,6% ұлғаюына байланысты болды. 

Көлік саласында нақты көлем индексі биылғы қаңтар-мамыр айларында 85,9% құрады. Контейнерлік тасымалдар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,1% артып, 312,4 мың жиырма фунттық баламаны құрады.

Бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда көлік саласы коронавирус пандемиясынан ең көп зардап шеккен саланың бірі екенін айта кету керек. Республика аумағында көліктің барлық түрімен жолаушыларды тасымалдау тоқтатылды.

Ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан еліміздің 20 қаласына ішкі әуе рейстері кезең-кезеңмен жандандырылды. Қазіргі таңда 44 ішкі бағыт бойынша аптасына 349 рейс орындалуда. 188 мың әуе билеті сатылды. Сонымен қатар халықаралық рейстерді кезең-кезеңмен жандандыру жоспарланып отыр. Осы маусым айының соңында Қазақстан және Түркия арасында халықаралық рейсті қайта ашу көзделген. Эпидемиялогиялық жағдай әрі қарай жақсарып жатса, басқа елдермен әуе қатынасын жандандыру жоспарда бар.

Биылғы 1-маусымнан елімізде 54 жолаушылар пойызы қайта жүре бастады. Осыған орай 15-мамырдан билеттер сатуға шығарылды. 8- маусымға дейін пойыздарға 645 мың билет сатылған.

Сонымен қатар республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының барлық учаскелерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Құрылыс саласында нақты көлем индексі 2020 жылдың қаңтар-мамыр айларында 105,9% құрады. Өсім еліміз бойынша құрылыс жұмыстарын жаңғыртуға байланысты құрылыс көлемін арттыру есебінен қамтамасыз етіледі. 15 өңірде оң динамика байқалады.

Тұрғын үй құрылысында бұл мерзімде 4 млн. 75 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 88,4%. Республика бойынша барлығы 33 479 баспана пайдалануға берілді. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің артуы республиканың 9 өңірде байқалады.

Министрлік өндіріс, көлік және құрылыс салаларында 2020 жылға қойылған міндеттерді орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Жылдың қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізіледі.