Алматыда құрылыс саласындағы байқау жеңімпаздары марапатталды

Алматыда құрылыс саласындағы байқау жеңімпаздары марапатталды

ҚазБСҚА алаңында студенттер мен магистранттар арасында «Сәулет және құрылыс» бағыты бойынша байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бірлескен іс-шараға «ҚазҚСҒЗИ» АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ералы Шоқбаров, ҚазБСҚА ХБК ректоры Маргарита Имандосова және «Maurer» Seismic Protection Systems Kazakhstan неміс компаниясының өкілі Юрий Петров қатысты.

Байқау екі кезеңнен өтті. Бірінші кезеңде ғылыми жұмыстар таңдалса, екінші кезеңде қатысушылар жобаны көпшілік алдында таныстырды. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларына арналған байқауға 50-ден астам студент өз жұмысын ұсынды, оның ішінде 28 зерттеу жұмысы үздік деп танылды.

«ҚазҚСҒЗИ әрдайым өзін ғылымға арнағысы келетін студенттерді, жас ғалымдарды қолдайды. Ғылымдағы оң динамиканың өсіп келе жатқаны және оған студенттердің белсенді түрде тартылатыны қуантады. Біз әрқашан ғылыми жұмыстар мен бастамаларды қолдауға қуаныштымыз», - деп атап өтті «ҚазҚСҒЗИ» АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ералы Шоқбаров.

Бұл сәулет және құрылыс саласындағы зерттеулердің маңыздылығын көрсететін маңызды, әрі жастарды шыңдайтын дода. Ұсынылған әрбір жұмыс жас құрылысшы-инженерлердің еңбекқорлығын, шығармашылығын және ғылымға деген қызығушылығын білдіреді.

Іс-шара барысында университет кітапханасына «Әзірбайжан мен Қазақстанның инновацияларын ескере отырып, Иран Республикасындағы апатты жер сілкінісі кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету» атты Ералы Шоқбаровтың монографиясы сыйға тартылды. Бұл монография құрылыс және инженерлік-геоэкологиялық мекемелердің студенттеріне, аспиранттарына, инженерлеріне және ғылыми қызметкерлеріне пайдалы болуы мүмкін.