
Елордада өткен демалыс күндері Aspan спорт кешенінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс және Көлік министрліктерінің қызметкерлері арасында спартакиада өткізіліп, спорттың бірнеше түрінен үздіктер анықталды.
Алғашқы күні футбол мен волейболдан, сондай-ақ командалық ойын түрлерінен іріктеу сайыстары ұйымдастырылды. Ал жарыстың екінші, үшінші күні футбол, волейбол және арқан тартыс бойынша жеңімпаздар анықталды.
Осылайша спорттық іс-шараның қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Орталық аппараты бірінші орынға шықты.
Футболдан өткен тартысты ойындарда да Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті өзгелерден оқ бойы озып шығып 2-орынды иеленді. Ал аталған құрама команданың ойыншысы Ештай Абылайхан жарыстың үздік сұрмергені атанды.
Волейболдан Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне тең келер қарсылас табылмады. Олардың жанкүйерлері де белсенділік танытты. Ал, 2-орынға Геология комитеті табан тіреді. Осы комитеттің қызметкері Иманбеков Салтан «Үздік байланыстырушы ойыншы» атанса, «Үздік ойыншыны» - Медеуов Жандос қанжығалады (Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті).
Қол күресте Өнеркәсіп комитеті жеңімпаз атанды. Ат салысқан комитеттің қызметкерлері Қабдешев Жандос, Исабекова Әйгерім. Ал, үстел теннисі бойынша 1-орынды Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Орталық аппараты иеленсе, 2-орын Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне бұйырды.
Сонымен қатар, жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен, медальдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, жалпы командалық есепте бірінші орын алған командаға 300 мың теңге, екінші орынға – 200 мың теңге, үшінші орынға 100 мың теңгелік сертификаттар табысталды.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі