
Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ағымдағы жылдың 12 қазанында министрліктің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында айтты.
Министрдің айтуынша, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауында тұрған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру мәселесі талқылануда.
Осы жылдың 18 қыркүйегінде Премьер-Министрдің қатысуымен өткен таныстырылым барысында Үкімет қорытындыларының жобалары мақұлданды, оған сәйкес сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру мәселесі қолдау тапты.
Бұл ретте жалға берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру шарттары мен тетігі заңға тәуелді деңгейде айқындалатын болады. Заңнамаға тиісті өзгерістер қабылданғаннан кейін осы тұрғын үйлерді сатып алудың нақты шарттары пысықталатын болады.
Анықтама. 2017 жылдан бастап әкімдік республикалық бюджеттен сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй салуға қайтарымсыз негізде 313 млрд. теңгеден астам қаражат бөлді және барлық өңірлерде 39 мың пәтер салынды.
Сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін сатып алу құқығынсыз берілетін тағы 11 мыңға жуық тұрғын үйді сатып алу жоспарлануда.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің
Баспасөз қызметі