
Астанада INNOPROM.QAZAQSTAN халықаралық өнеркәсіптік көрмесі аяқталды. 25-27 қыркүйек аралығында үш күн ішінде EXPO халықаралық көрме орталығының аумағына 10 мыңнан астам адам келді.
Көп жылдық тарихы бар ауқымды форум алғаш рет елімізде өткізілді. INNOPROM.KAZAKHSTAN іскерлік бағдарламасының негізгі іс-шарасы Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан үкіметтерінің басшылары қатысқан «Жаңа уақыттың индустриялық стратегиялары» атты Басты пленарлық отырысы болды.
«Бұған дейін Қазақстан өзінің заманауи технологиялық жетістіктерін ұсынып, Ресей Федерациясында игі дәстүрге айналған Иннопром жұмысына белсенді түрде қатысты. Біз көрмеге қатысушыларды Астанада алғаш рет қабылдап отырмыз. Бұл, сөзсіз, қазақстандық бизнестің іскерлік байланыстарды кеңейтуге және өндірістік кооперацияны нығайтуға қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді» – деді Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.
Көрме аясында Қазақстан, Беларусь, Армения және Ресейден 400-ден астам компания 12 мың шаршы метрден астам аумақта ұлттық экспозицияларын ұсынды. Павильондарда металлургия, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы және фармацевтика салаларында өндірілген тауарлар қойылды.
Сондай-ақ INNOPROM.QAZAQSTAN барысында өнеркәсіпті цифрландыру, машина жасау саласындағы ынтымақтастық, ірі қалалар үшін технологиялар, энергетика технологиялары және халықаралық ынтымақтастық тақырыптары бойынша бірқатар мамандандырылған сессиялар өтті. Қатысушы елдердің компаниялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды. Көрменің соңғы күні дөңгелек үстелдер, іскерлік ойындар, пікірталас және бос жұмыс орындары жәрмеңкесі қамтылған «Жаңа индустрияға жаңа кадрлар» атты білім беру бағдарламасы өтті. Білім күні бағдарламасына 200-ден астам студент қатысты.
Сонымен қатар, Астананың ірі индустриялық алаңдары мен кәсіпорындары бойынша индустриялық тур өтті, оған 100-ден астам адам қатысты.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Баспасөз қызметі