Қанат Шарлапаев ИННОПРОМ-дағы индустриялық стратегиялар мен инновациялар туралы айтып берді

Қанат Шарлапаев ИННОПРОМ-дағы индустриялық стратегиялар мен инновациялар туралы айтып берді

ИННОПРОМ халықаралық өнеркәсіптік көрмесі аясында Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «Жаңа уақыттың индустриялық стратегиялары» тақырыбына арналған негізгі пленарлық отырыста сөз сөйледі.

Министр Қазақстанның адами капиталына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанның ресурстарының ішінде қарқынды өсіп келе жатқан және жоғары білікті халық ерекшеленеді.

«Республика білім беру мен адами әлеуетті дамытуға белсенді инвестиция салуда, бұл білікті мамандар іздейтін инвесторлардың қызығушылығын оятады», - деп атап өтті Қанат Шарлапаев.

Министр атап өткендей, инвестиция тартудың маңызды элементі цифрландыру болып табылады.

«Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыру деңгейі бойынша БҰҰ рейтингінде жоғары орын алады және өнеркәсіптегі қолданбалы мәселелерді шешу, кәсіпорындардың операциялық тиімділігін арттыру үшін заманауи технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектті белсенді түрде енгізуде», - деді министр.

Сөз соңында Қанат Шарлапаев Қазақстанның өнеркәсіпті ынталандыру саласындағы мемлекеттік саясатына ерекше тоқталды. Елімізде инвестициялық келісімдер мен салықтық преференциялар ұсынылып, инфрақұрылымды белсенді түрде дамытып жатыр, инвесторларды тарту және қолдау үшін индустриалды еркін экономикалық аймақтар құрылуда.

Министр өз сөзінде Қазақстанның ынтымақтасуға дайын екендігін айтып, көрмеге қатысқандардың барлығын  инновациялық серіктестікті дамытуға шақырды. Қазақстан өзінің бірегей ресурстарымен және стратегиялық жағдайымен индустриялық болашаққа жаңа мүмкіндіктер мен инвестициялар үшін ашық болып қала береді.

 

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс

 министрлігінің баспасөз қызметі