
Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде 2023 жылғы 15-16 қыркүйекте «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-тың 20 жылдығына арналған «2023 ҚӨК кәсіпорындарының Көрме-Спартакиадасы» өтті.
Әрбір қатысушы команда өз өнімдерін көрмеге ұсынып, зауыт ұжымдары бір-бірінің өндіретін өнімдерімен танысуға мүмкіндігі болды. Стендтерде кемелердің, ұшқышсыз ұшақтардың, танктердің, өрт сөндіргіштердің, қорғаныс құралдарының макеттері ұсынылды.
Сондай-ақ, Көрме-Спартакиадаға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қатысты. Спартакиадаға қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде министр қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары арасындағы байланысты нығайтуда осындай іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Министр әр номинация бойынша жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысып, оларға құрмет кубоктары мен медальдарын табыстады.
Айта кетерлігі, спартакиада барысында қызметкерлер футбол, волейбол, жеңіл атлетика, шахмат, үстел теннисі сияқты түрлі спорт түрлеріне қатысып, арқан тарту және асық ату ойындарында өз қабілеттерін көрсете алды.