
Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында басталған ел экономикасын ауқымды әртараптандыру бастамасы өнеркәсіптің барлық салаларын дамытуға ықпал етті. Әсіресе, еліміздің әр азаматы үшін аса маңызды әрі қажетті фармацевтикалық бағытты дамыту міндеті тұрды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын халықаралық стандарттарға сай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісін құру мәселесіне көпшілік күмәнмен қарады. Саланы дамыту үшін отандық нарыққа шетел инвестициясын тарту туралы шешім қабылданды. Өйткені, инвестиция фармацевтикалық кәсіпорындардың дамуын тездетуге, адам капиталы сапасын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, озық технологияларды тартып, олардың салада таралуын ынталандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, импорт алмастыру саясатын іске асыруға ықпал етеді. Осылайша, Қазақстанға Polpharma, Nobel, Pharmstandard, Kelun сияқты ірі өндірушілер және басқа да бірқатар кәсіпорындар келді.
Содан фармацевтика саласын дамыту жөніндегі бағдарлама қабылданды. Оның алдына қолданыстағы өндірістерді жаңғырту және жаңа өндірістерді салу арқылы GMP халықаралық стандарттарына сәйкес қазіргі заманғы технологиялар базасында фармацевтикалық және медициналық өнімдер импортын алмастыруға жағдай жасау міндеттері қойылды. Алға қойылған мақсатты іске асырудың тиімді тетігі ретінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу және қамтамасыз ету бойынша Бірыңғай дистрибьютор - "СК-Фармация" ЖШС-мен ұзақ мерзімді шарттар жасау арқылы фармацевтикалық кәсіпорындарға кепілді он жылдық өткізу нарығы ұсынылды.
Индустрияландыру жылдарында қабылданған шаралар арқасында антибиотиктер, алкалоидтер, жүрек құралдары мен медициналық бұйымдар өндірісін ұлғайту есебінен фармацевтикалық өнім шығару 19,9 млрд.теңгеден 92 млрд. теңгеге дейін артып, 6 есеге өсті.
Қысқа мерзім ішінде сала экспортқа бағытталды. Фармацевтика өнеркәсібінің экспорты 3 есе өсіп, 18,9 млн. АҚШ долларынан 58,9 млн. АҚШ долларын құрады. Өнім Ресей (39%), Қырғызстан (16%), Түркия (7,8%), Моңғолия (7,4%) және басқа да елдерге жіберілді. Негізгі экспорттаушы кәсіпорындар - "Химфарм" АҚ, "Нобел АФФ" ЖШС, "Абди Ибрахим Глобал Фарм "ЖШС,"Dolce-Pharm" ЖШС.
Индустрияландыру картасы аясында 62,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, 41 жоба пайдалануға берілді. 5 мың жұмыс орны ашылды. Саланың маңызды жобаларының қатарында: өндірістік қуатты кеңейту және фармацевтикалық фабрикаларды жаңғырту; дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар және т.б. өндіру бойынша фармацевтикалық зауыттарды салу болды.
Индустрияландыру картасының инвестициялық жобалары арасында ірі инвесторлармен бірлесе жасалған жобалар бар. Мәселен, еліміздің ең көне фармацевтикалық кәсіпорындарының бірі - "Химфарм" АҚ акцияларын Еуропаның белгілі "Polpharma" компаниясы сатып алды. Қазір компания GMP стандарттарына сәйкестігін дәлелдейтін бірнеше сертификатқа ие. Бұл - сапалы фармацевтикалық өнімді ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарықта да сату үшін жасалған үлкен жұмыстың белгісі.
Алматы фармацевтикалық фабрикасы "Нобель АФФ" ЖШС түрік компаниясымен бірлесіп онкологиялық, диабетке қарсы, гастроэнтерологиялық, вирусқа және бактерияға қарсы дәрі-дәрмектер мен антибиотиктер шығару бағытындағы алғашқы инвестициялық жобаны іске асырды. Сонымен қатар, Түркияның тағы бір ірі "Абди Ибрахим" компаниясы "Глобал Фарм" ЖШС-мен бірлесіп кардиологиялық, туберкулезге қарсы, гастроэнтерологиялық дәрі-дәрмектер мен антибиотиктер өндірісін ұйымдастырды.
Сондай-ақ, "Қарағанды фармацевтикалық кешені" ЖШС Ресейдің "Фармстандарт" компаниясымен дәрілік заттар шығаруды іске асырды. Бұл өндірістер GMP халықаралық стандартын енгізе отырып құрылды. Бүгінгі таңда отандық фармацевтикалық өнім өндірушілер арасында 11 кәсіпорын халықаралық GMP сертификатына ие.
Аталмыш жобалар шығарылатын фармацевтикалық өнімдер түрін кеңейтуге және ішкі нарықты сұранысқа ие дәрілік заттармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді:
- дәрі-дәрмектер (онкологиялық, кардиологиялық, аллергияға, вирусқа, туберкулезге, қышымаға және бактерияға қарсы);
- медициналық бағыттағы бұйымдар (бір рет қолданылатын медициналық киім, шприцтер және инфузиялық ерітінділерді құю жүйелері, бір рет қолданылатын қолғаптар, көктамырдан қанды жинауға және сақтауға арналған стерильді вакуумдық түтікшелер, гинекологияға арналған бұйымдар);
- медициналық техника (рентген жабдығы, компьютерлік томографтар, медициналық жиһаз, көзілдірік линзалар).
Айта кететін жайт, мемлекет фармацевтикалық салада жұмыс істеуге ниетті бизнес өкілдеріне қолдау көрсетуді жалғастыруда. "Бизнестің жол картасы 2020", "Экспорттаушы 2020", "Жұмыспен қамту 2020", "Қазақстанды индустрияландыру картасы", "Өнімділік 2020", "Қарапайым заттар экономикасы" сияқты бағдарламалар кәсіпорындардың өндірістік, экспорттық, кадрлық және технологиялық әлеуетін ынталандыру арқылы отандық өндіріс ошақтарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Мысалы, қазіргі уақытта "Prevenar-13" жоғары технологиялық пневмококкты вакцина жобасы бойынша әлемдегі ең ірі Pfizer фармацевтикалық компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Жоба құны - 100 млн. АҚШ долларын құрайды. Қазіргі кезде жобаның жол картасы әзірленді. Сондай-ақ, Pfizer компаниясы Қазақстанда негізгі серіктесті таңдау үшін аудит жүргізді.
Фармацевтика саласын дамыту және отандық өнімнің әлемдік нарыққа шығуы, белгілі әлемдік брендтермен бірлескен өндірістер құру, сондай-ақ ел азаматтарының өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін арттыру - мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.