Марат Қарабаев азаматтарды жеке мәселелеріне байланысты қабылдады

Марат Қарабаев азаматтарды жеке мәселелеріне байланысты қабылдады

Үкіметтің азаматтарды қабылдау орталығында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Астана, Шымкент, Ақтөбе, сондай-ақ Ақмола және Қарағанды облыстарының азаматтарымен кездесіп, жеке мәселелерге байланысты сұрақтарға жауап берді

Жеке қабылдауға 20-дан аса адам жазылып, оның барысында құрылыс және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.

Айталық, астаналық және Шымкенттен келген инвесторлар азаматтық инфрақұрылымның құрылысы мен «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін жаңғырту жобасына қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Ал елордалық азаматтарды тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы саласындағы өзгерістер, оның ішінде мүлік иелері бірлестігін құру бойынша заң нормаларының тиісті деңгейде пысықталмағаны алаңдатып отыр.

Сонымен қатар жеке қабылдауда еңбек қатынастары мен өтемақыны төлеу, баспана алу, ғимаратты пайдалануға беру, ауыз сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ белгілі бір шешімдердің қаншалықты заңды екеніне қатысты сауалдар қойылды.

Бұдан бөлек Марат Кәрімжанұлы мен ведомствоның қызметкерлері өтініш берушілерге көтерілген мәселелерді қолданыстағы заң аясында шешудің жолдарын көрсетіп, қажетті ақпаратты берді. Мысалы, баспанаға мұқтаж жандарға мемлекет тарапынан қарастырылған қолдау шаралары жөнінде түсіндірілді.

Сонымен бірге өтініш білдірген инвесторларға да ведомство басшысы заңға сүйене отырып, өзекті сұрақтарға тұшымды жауап берді.

Бұл ретте кейбір жолданған сауалдар тиісті шешімін тапқанын айта кеткен орынды. Мәселен, МИБ-нің төрағасын сайлау қолданыстағы заңмен реттеліп, сондай-ақ депутаттардың тарапынан тұрғын үй қорын басқару мен оны күтіп ұстау тетіктеріне байланысты тұрғын үй-коммуналды шаруашылығына қатысты заңға түзетулер енгізуге бастама көтерілді.