ҚР ИИДМ-де қоғамдық көлікте жолақысын электрондық төлеу жүйесін енгізу жайы талқыланды

ҚР ИИДМ-де қоғамдық көлікте  жолақысын электрондық төлеу жүйесін енгізу жайы талқыланды

Қазақстанда "ақылды қала" жобасын енгізу азаматтардың өмірінің жайлылығы мен қоғамның барлық саласында ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әкімдіктерге құзырлы органмен бірлесе отырып, қоғамдық көлікте жолақысын төлеудің электрондық жүйесін енгізу тапсырылды. Бұл жұмыстың әлеуметтік маңызы зор.

2020 жылғы 30 сәуірде ҚР ИИДМ-де ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглованың төрағалығымен семинар-кеңес өтіп, онда Атырау, Көкшетау және Семей қалаларында аталған жүйелерді енгізу тәжірибелері таныстырылды.

Аталған қалалардың әкімдіктері өз серіктестерінің өкілдерімен бірлесіп, ол жобаларды енгізудегі тәжірибелері мен әсері жөнінде әңгімеледі. Электрондық ақы төлеу жүйесін енгізу нақты жолаушылар ағынын анықтауға мүмкіндік берген. Сол бойынша Көкшетауда тәулігіне 67 мыңға дейін, Атырауда 100 мыңға дейін, Семейде 200 мыңға дейін жолаушы қоғамдық көлікті пайдаланған. Оған дейін жолаушылар ағыны 2-3 есе аз деп бағаланып келген. Осылайша, аталған жобалар тасымалды субсидиялау көлемін оңтайландырып қана қоймай, тасымалдаушылардан түсетін салық көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Оған қоса, үш қалада да қолма-қол емес төлем көлемі артып, жалпы жолаушылар ағынындағы үлесі 90% асқан.

ҚР ИИДМ осындай электрондық жүйелерді енгізумен және тиісті сервистік қызмет көрсетумен айналысатын компанияларды Қазақстанның  өзге де қалаларында енгізу бойынша әкімдіктерге және Көлік комитетіне ұсыныспен шығуға шақырады.