
ҚР орталық мемлекеттік органдары арасында ұйымдастырылған спартакиадада Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрама командасы жалпыкомандалық есепте екінші орын алып, үздіктер қатарынан көрінді
Аталған сайыс үстел теннисі, бильярд және футзал, волейбол сынды командалық ойын түрлерінен өткізілді. Сонымен бірге қатысушылар қазақ күресі және тоғыз құмалақ секілді ұлттық спорт түрлерінен де өзара мықтыны анықтады.
Атап айтқанда, футзалдан шеберлік байқасқан ведомствоның құрамасы қарсылай шыдатпай чемпион атанды. Мәселен, ИИДМ-нің аяқ доп шеберлері жартылай финалда ҚР Президенті іс басқармасының құрамасын қапыда қалдырып, ақтық сында пенальти сериясы бойынша Қаржы министрлігінің командасынан айласын асырды. Осылайша, ведомствоның ойыншылары алтыннан алқа тақты.
Бұдан бөлек үстел теннисінен Қалкен Камалов пен Ботагөз Әкімбекова екінші орынға табан тіреді. Ал бильярдтан Ардақ Өтепов, Қасым Тлепов және Ерлан Құрасбек қола жүлдегер атанды. Өкінішке қарай волейболдан сынға түскен ведомствоның қызметкерлері жүлдеге бір табан жетпей 4-ші орынды місе тұтуға тура келді.
Барлық жеңімпаз бен жүлдегерлер арнайы дайындалған кубок, медаль және алғыс хаттарға ие болды.