ҚР ИИДМ-де электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту жұмыстары туралы айтылды

ҚР ИИДМ-де электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту жұмыстары туралы айтылды

Қазіргі елімізде электр қуаттау стансасын ұлғайтуға басымдық беріліп келеді

Мәселен, Астанада 50 қуаттау стансасы қызметі жолға қойылған. Алматыда оның саны – 57. Сондай-ақ Щучье қаласында Rixos Borovoe Hotel қонақ үйінің аумағында 2 электр қуаттау стансасы жұмыс істеп тұр.

Бұдан бөлек республикада жеке тұлғалар мен бизнес субъектілері орнатқан бірқатар жағармай құю стансасы қызмет көрсетіп келеді. Бұған қоса Қазақстанда жылдам қуаттайтын стансалар да қарастырылған. Мәселен, бас шаһардағы Talan Towers зәулім кешенінің аумағында 6 Tesla Supercharger қуаттау жүйесі көлік жүргізушілеріне қолжетімді.

ҚР Үкіметі электрлі көліктерге арналған инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі шараларды қолдап келеді. Айталық, ЭҚС-ның желісін одан әрі қарқынды дамыту үшін Үкімет биылғы шілдеде 2029 жылға қарай республиканың барлық ірі қаласында электромобильдерге қажетті инфрақұрылымды құру жөніндегі Жол картасын бекітті.

Бұл құжат қажетті инфрақұрылымды жобалау мен орнатуды, электромобильдерді қуаттауға арналған отандық жабдықтарды өндіруді, сондай-ақ электр жетектегі көліктердің қуаттау стансаларына деген қажеттілік пен оларды орналастыратын жерді айқындау бөлігінде нормативтік және техникалық талаптарды енгізуді көздейді.

Сондай-ақ электромобильдер мен тиісті инфрақұрылымды пайдалануды дамыту бойынша түрлі ынталандыру шаралары мен тетіктерін енгізу қарастырылады.

Бүгінде елімізде JAC iEv7S және KIA Ev6 электромобильдерін шығару ісі жолға қойылған. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша «СарыарқаАвтоПром» компаниясы 2016 жылдан бастап 140 электромобиль шығарған.