
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күніне байланысты мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, Геология комитетінің төрағасы Ерлан Акбаров ведомствоның атынан барлық қызтметкерді кәсіби мейрамдарымен құттықтады.
«Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік қызметке жастарды тарту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Жастардың бұл салаға деген қызығушылығы жыл сайын артып келе жатқаны қуантады. Аталған қызмет – мемлекеттік басқаруды жүйесінде маңызды рөл атқаратын негізгі элементтердің бірі. Өйткені тек осы тетік арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға болады», деді комитеттің басшысы.
Сондай-ақ салтанатты жиында мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімі өткізілгенін айта кетейік. Ел алдындағы борышын адал өтеуге еңбек жолын енді бастаған жас мамандар уәде берді.
Кәсіби мерекеге орай ведомствоның бірқатар қызметкеріне министрліктің Құрмет грамоталары мен «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі табысталды. Атап айтқанда, төсбелгіге Кадр қызметі департаменті директорының орынбасары Әсел Қожақова және Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің директоры Руслан Лепесов ие болды.
Бұдан бөлек «Халықтың өмір сүру сапасын жақсартуда ведомствоның рөлін күшейту» тақырыбы бойынша ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздары белгілі болды. Үздіктерді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Азамат Бейспеков марапаттады.
«Мемлекеттік қызмет – кез келген елді басқарудағы маңызды тетіктердің бірі саналады. Демек қоғамның мемлекеттік басқарусыз, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерсіз өмір сүруін елестету қиын. Халықтың билікке деген сенімін жоғалтпау үшін ең әуелі мемлекеттік қызметкер азаматтардың сұранысын қанағаттандыра білуге тиіс», деді министрдің орынбасары.
Байқау қорытындысы бойынша 1-ші орынға Геология комитетінің «Батысқазжерқойнауы» өңірлік департаментінің бас маманы Талғат Наурызов ие болды. 2-ші орыннан Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің басқарма басшысы Нұрсұлтан Керемқұлов көрінсе, жүлделі 3-ші орын Автомобиль жолдары комитетінің бас сарапшысы Айслу Мәжитоваға бұйырды. Сондай-ақ барлық қатысушыға ҚР ИИДМ басшысының Алғыс хаттары берілді. Аталған байқауға ведомствоның 22 қызметкері қатысқанын айта кеткен орынды.
Бұдан кейін ресми іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Осы орайда қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде 800-ге жуық мемлекеттік қызметші еңбек етіп келе жатқанын атап өткен жөн.