Машина жасауды дамытудың кешенді жоспары «Польша-Қазақстан» сауда-инвестициялық форумында таныстырылды

Машина жасауды дамытудың кешенді жоспары «Польша-Қазақстан» сауда-инвестициялық форумында таныстырылды

Машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарының негізгі шаралары «Польша-Қазақстан» сауда-инвестициялық форумының алаңында баяндалды. «Сауда және өнеркәсіп секторындағы ынтымақтастық әлеуеті» панельдік сессиясы аясында Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев қазақстандық машина жасау саласының дамуы туралы айтып берді.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша саладағы өндіріс көлемі 9% - ға ұлғайды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 10% - ға өсіп, 258 млн АҚШ долларын құрады. Машина жасау өнімінің экспорты 2 есе артып, ақшалай мәнде 3,8 млрд АҚШ долларын құрады», - деп атап өтті М. Пішембаев.

Сондай-ақ «Өнеркәсіптік саясат туралы» ҚР Заңы өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын жеңілдік арқылы шикізатпен, қолжетімді несиелендірумен, офтейк-келісімшарттармен, экспорттық қолдаумен, инвестициялар тартумен, өнеркәсіптік гранттармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, қазақстандық машина жасауды одан әрі дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланы дамытудың 5 жылға арналған Кешенді жоспары әзірленуде.

Кешенді жоспар шеңберінде ҒЗТКЖ шығындарының 150% мөлшерінде салықтарды шегеруге жатқызу,  импортқа ҚҚС, жер және мүлік салығын төлеуден босату мақсатында Инвестициялар шегін төмендету шаралары көзделген.Импортталатын өндіріс құралдарына есепке жатқызу әдісімен ҚҚС төлеу жөніндегі норманы ұзарту.

Сондай-ақ, шара аясында қазақстандық делегация поляк компанияларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Польшаның өнеркәсіптік даму агенттігімен кездесу барысында металлургия, тау-кен және машина жасау өнеркәсібі, тоқыма мен құю өндірісіндегі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Польшаның өнеркәсіптік даму агенттігі 100% мемлекеттік басқарушы холдинг және өнеркәсіпті дамыту институты болып табылады. Компания елдің негізгі өнеркәсіптік кәсіпорындарының акцияларын басқарады (90-нан астам ірі поляк өнеркәсіптік компаниялары).

Қазақстаннан IT-компаниялар мен ұйымдар үшін сybersecurity, fintech, biotech, medtech, agrotech, software, deep tech, robotic, gaming, AI салаларында поляк серіктестерімен B2B кездесулер ұйымдастырылды, сондай-ақ инвесторлар алдында IT және High tech жобаларын таныстыру және воркшоптар мен ақпараттық сессияларға қатысу мүмкіндігі берілді.

Форум мақсаты - Қазақстан мен Польша арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру, екі елдің іскер серіктестері арасында қолданыстағы және жаңа тікелей байланыстарды нығайту, инвестициялық жобаларды, бизнес үшін қолдау мүмкіндіктері мен тетіктерін таныстыру.

Айта кетейік, Польша орталық және Шығыс Еуропа елдері арасында Қазақстанның жетекші сыртқы экономикалық әріптестерінің бірі болып табылады. 2022 жылы өзара сауда көлемі 1,36 млрд. АҚШ долл., оның ішінде қазақстандық экспорт – 771 млн., Польшадан импорт - 587,5 млн. АҚШ долларын құрады. Польшадан Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 75 млн. АҚШ. доллары. Бүгінде Қазақстанда 100-ден астам поляк компаниясы жұмыс істейді.