"Нұрлы жол" жаңа бағдарламасының алғашқы қорытындылары Үкіметте талқыланды

"Нұрлы жол" жаңа бағдарламасының алғашқы қорытындылары Үкіметте талқыланды

 2020 жылғы 21 сәуірде Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндама жасап, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы айтып берді.

Бағдарлама бойынша  жалпы сомасы 5,5 триллион теңгені құрайтын 112 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру қарастырылған. 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарға сәйкес «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық автожолдардың 100 пайызын, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 95 пайызын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу; өзін-өзі өтейтін ақылы автожолдарды 11,7 мың шақырымға жеткізу; теміржол транзитін 50 пайызға арттыру; контейнерлік теміржол транзитін 2 есе арттыру; жолаушылар тасымалын 30 пайызға, оның ішінде транзиттік жолаушылар санын 1 млн-нан 2,2 млн. адамға дейін; әуе кемелері паркін 64 ұшаққа көбейту; автожолдарды ұлттық стандартқа сәйкес келетін жол сервисі объектілерімен 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарланған.

Биыл, яғни бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылы автожол саласында республикалық және жергілікті маңызы бар 9,5 мың шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Оның ішінде республикалық жолдардың 4 мың шақырымында құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі, 1,5 мың шақырымы жөнделеді, жергілікті жолдың - 4 мың шақырымы жөнделеді. 350 жол жоба іске асырылып, 30,5 мың адам жұмыспен қамтылады. Бұл мақсатқа 680 млрд. теңге қарастырылған. Оңтүстік өңірлерде наурыз айының соңынан бері құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Ал солтүстікте ауа-райына байланысты сәуірдің соңына дейін барлық жобаларда жұмыс басталады. Қолданылатын материалдардың негізгі бөлігі отандық өнімдер екенін айту керек. Жыл қорытындысы бойынша жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырымдық автожол учаскелерінде қозғалыс ашу жоспарланып отыр.

Азаматтық авиация саласында коронавирус пандемиясына байланысты ішкі және халықаралық әуе рейстері тоқтатылды. Дегенмен, биыл 1-тоқсанда жолаушылар ағыны көрсеткішінде өсім болды. Тасымалданған жолаушылар саны 1,7 млн. адамды құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңнен 5,2 % көп болды.

Биыл Түркістандағы жаңа халықаралық әуежай мен Шымкент әуежайының жаңа жолаушылар терминалын іске қосу жоспарланып отыр. Үржар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту басталады. Қаржы бөлінген жағдайда Өскемен және Үшарал әуежайлардың тағы екі ұшу-қону жолағы жаңартылады. Алдағы 5 жылда 13 әуеайлақ салу көзделген. Қазір жергілікті әуе желілерінің 3 әуеайлағы (Үшарал, Үржар, Зайсан) жұмыс істейді.

Азаматтық авиация саласы өкілдерінің болжамынша коронавирус пандемиясы жағдайына байланысты елімізде авиациядағы операциялық кірістер жыл соңына дейін 300 млрд. теңгеге төмендеуі мүмкін.

Теміржол көлігі саласында 2025 жылға қарай магистральдық теміржол желісінің тозуын 49%, локомотивтердің тозуын 58% дейін төмендету жоспарлануда. Жолаушылар вагондары жетіспейтіндіктен 6 жылда 600 жаңа жолаушылар вагонын сатып алу жоспарланған. Соның 50 вагоны биыл сатып алынады.

Автомобиль көлігі саласында Министрлік отандық автомобиль тасымалдаушыларының халықаралық нарықтағы үлесін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Биыл жолаушылар тасымалы өткен жылға қарағанда 2,5% және жүк айналымы 1,5% артады деп жоспарланған. Ұлттық стандартқа сәйкес келетін автовокзалдар мен автостанциялар санын көбейту мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кәсіпкерлер үшін ынталандыру шаралары әзірленуде. Оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, жер учаскелерін бөлу, кірме жолдар салу, инженерлік желілерді қосу сияқты шаралар қарастырылады.

Су көлігі саласында бүгінгі таңда теңіз сауда флотының паркі 12 бірліктен тұрады, атап айтқанда 8 танкер, 4 құрғақ жүк кемесі бар. Бағдарлама шеңберінде 2025 жылға дейін 2 паром және 4 құрғақ жүк кемесін сатып алу жоспарланған. Бұл жүк ағыны көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ Каспий теңізіндегі отандық флот үлесін 35% ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, апаттар санын 10,3% төмендетіп, шлюздердің өткізу қабілеттілігін жылына 350 кемеге дейін арттыру үшін 2025 жылға дейін жеткізу құлыптарын күрделі жөндеу жоспарланған.

Жалпы 2020 жыл қорытындысында «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында: республикалық автожолдардың 89%, облыстық және аудандық жолдардың 71% жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу; өзін-өзі өтейтін ақылы автожолдарды 5,7 мың шақырымға жеткізу; автожолдарды ұлттық стандартқа сәйкес келетін жол сервисі объектілерімен қамтамасыз етуді 58% жеткізу; теміржол көлігімен транзиттік тасымалдар көлемін 20% арттыру; контейнерлік темір жол транзитін 842 мың жиырмафуттық контейнерге арттыру; транзиттік әуе жолаушылар санын 1,2 млн. адамға, әуе көлігімен жолаушылар тасымалын 9,1 млн. адамға жеткізу жоспарланған.