
«Dala construction» ЖШС компаниясымен жасалған шарт аясында «ҚазҚСҒЗИ» АҚ мамандары Шымкент қаласындағы 9 қабатты ірі панельді тұрғын үйге вибродинамикалық сынақ өткізуді жоспарлап отыр.
Аталған тұрғын үйдің конструктивтік жүйесі Қазақстан Республикасында алғаш рет қолданылады және жер сілкінісіне төзімді құрылыс жөніндегі нормалар талаптарының ережелеріне сәйкес ғимараттар мен құрылыстардың жаңа конструктивтік жүйелері, сондай-ақ жаңа материалдар мен конструкциялары құрылыста жаппай қолданылғанға дейін тиісті эксперименттік тексеруден өтуі тиіс.
Бүгінгі таңда тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ мамандары вибромашинаны орнату және жабдықты сынауға дайындау бойынша жұмыстарды бастады.
Конструкцияларды сынаудың тербелісті әдісі әртүрлі күш әсер ету деңгейлерінде конструкцияның жобалық схемасын анықтауға, сондай-ақ құрылымның жұмысы мен негіздің деформациялық сипаттамалары арасында нақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Сынақтардың негізгі мақсаты Шымкент қаласында сейсмикалығы 7-8 балл болатын алаңдарда тоғыз қабатты ірі панельді тұрғын үйлерді салу мүмкіндігін бағалау.
Жер сілкінісіне төзімділікті сынау барысында 9 қабатты ірі панельді тұрғын үйдің конструктивтік схемасы тексеріледі, әрі сынақ процесінде объектінің деформациясының динамикалық параметрлері мен ерекшеліктері анықталады.
Ғимаратты сынау 2023 жылдың 9-15 маусым аралығына жоспарланып отыр.