
Ұзындығы 262 шақырымдық «Меркі-Бурылбайтал» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Ол Жамбыл облысына қарасты Тәтті, Шу және Бірлік елді мекендерін айналып өтуге мүмкіндік береді.
Құрылыс жұмыстарын Қытайдың «Синьсин» компаниясы мен «АБК Автодор НС» ЖШС жүргізіп жатыр. Жұмыстардың сапасын «Аркада KZ» және «Сапа СЗ» ЖШС қадағалауда.
Тасжолды қайта жаңарту жобасына сәйкес Меркіден Шуға дейінгі 86 шақырымдық жол учаскесі 4 жолағы бар І техникалық санатқа жатқызылатын болады. Ал ұзындығы 176 шақырымды құрайтын Шу қаласының бұрма жолынан Бурылбайталға дейінгі жол учаскесі 2 жолағы бар ІІ техникалық санатқа сәйкестендірілмек.
Жоба бойынша елді мекендер жанында 6 көпір, 3 теміржол өтпесі, жарықтандырылған 11 жол айырығы, 276 құбыр, демалыс алаңдары, сондай-ақ автопавильондар салынады.
Бүгінге дейін 2,6 млн. м3 астам жер жұмыстары орындалды. 80 су өткізу құбыры мен 11 малөткелі салынды, жолдың 59 шақырымында қиыршық тасты құм қоспасынан жасалған төсеме қабаты, 50 шақырым жолда қиыршық тасты құм қоспасынан жасалған жолдың негізгі қабаты, 46 шақырым жолда жоғары кеуекті ірі түйіршікті асфальт-бетоннан жасалған жолдың жоғарғы қабаты, 35 шақырым жолда тығыз ірі түйіршікті асфальт-бетоннан жасалған жолдың төменгі қабаты төселді. Жол өткелдері, көпірлер мен жол айырықтары сияқты 18 жасанды нысанды салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тасжолды қайта жаңарту жұмыстарына 607 техника мен 1500 жұмысшы жұмылдырылған. Аталмыш жолдағы қозғалыс 2020 жылдың соңына дейін ашылады деп жоспарлануда