ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Алматы облысының халқымен кездесті

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Алматы облысының халқымен кездесті

ҚР ИИДМ басшысы Марат Қарабаев Алматы облысына жасаған жұмыс сапарында жергілікті халықпен кездесіп, жол әрі тұрғын үй құрылысы, инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ өнеркәсіптік даму сынды ведомствоның құзырына кіретін бірнеше бағыт бойынша тұрғындардың саулдарына жауап берді

Мәселен, TOLAGAI-2050 компаниясының өкіліне құрылыс индустриясындағы, оның ішінде мемлекеттік сатып алуларда сметалық базаның нарықтық бағалармен сәйкес келмеуі жөнінде түсіндірілді.

Сондай-ақ облыс тұрғындары шағын өнеркәсіптік аймақтардың қызметін жолға қойып, өз ісін бастауға бекініп отырған жас кәсіпкерлерге тиімді несие ұсына отыра мемлекеттік қолдау жолдары қарастырылса деген ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде ведомство басшысы министрліктің бұған қатысты ұстанымы келесідей деп түсіндірді:

«Шағын өнеркәсіптік аймақтардың мәселесіне келсек, біздің саясатымыз былай. Мысалы, кәсіпорынды ашу үшін оның құрылысына 100 млн теңге қажет делік. Оның 20 млн теңгесін кәсіпкер өзі салса, қалған 80 млн-ды біз қаржылық институттар арқылы жеңілдетілген пайызбен қарызға береміз», деді Марат Кәрімжанұлы. 

Ал «ТК «Газоблок» компаниясының директоры Максим Ким құрылыс материалдары тапшылығының алдын алып, импортты алмастыру үшін Алматы облысында құны 7,2 млрд теңгеге газоблок өндіретін зауыттың құрылысын қолға алғанын атап өтті. Сонымен қоса 2024 жылы фиброцементті панельдерді өндіретін кәсіпорын мен 2025 жылы шыны мақтасын шығаратын зауытты салу көзделіп отырғанын жеткізді. Алайда ол осы күнге дейін аталған 3 жобаның Индустрияландыру картасына кірмегенін, сондай-ақ Өнеркәсіпті дамыту қорынан қаржыландыру мәселесіне қолғабыс етуді өтінді.

Өз кезегінде ИИДМ басшысы жоғарыда аталған жобаның барлығы да министрліктің басым салаларына жататындықтан Индустрияландыру картасына міндетті түрде кіретінін жеткізді. «Бірақ қаржыландыру мәселесіне тоқталсақ, бірден айтайын сіздерге 3%-дық мөлшерде қаражат берілмеуі мүмкін. Неге десеңіз, тұтастай құрылыс нарығында қажетті материалдар тез өтеді және өз бағасын ақтап алады. 3%-дық қаржыландыру жеңіл өнеркәсіпке қарастырылады. Өйткені ол саланың халықты қажетті өніммен қамтамасыз етуде ауқымы бөлек. Құрылыс саласының материалдарын қаржыландыру 9%-дық мөлшерде жүргізілмек. Сұрағыңызды қосымша қарастырамыз», - деді М.Қарабаев.

Бұдан басқа кездесуде өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің дамуы, тұрғын үй және автокөлік жолдарының құрылысына байланысты мәселелер көтерілді.

Облыс халқымен кездесуден кейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Ведомство басшысының қабылдауында 5 тұрғын болып, олар әуе кемесі бортоператорының жарамдылық сертификатын қалпына келтіру, қатты пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия беру, Алматы облысында фармацевтикалық кластерді құру, сондай-ақ Қонаев қаласындағы жекеменшік учаскеде тұрғын үй кешенінің құрылысын қаржыландыруға қатысты сұрақтарды қойды.

Барлық қойылған сауалға тұшымды жауаптар беріліп, шешімін табу үшін қажетті шаралар қолға алынатын болады.