ҚР ИИДМ басшысының орынбасары қызылордалықтармен кездесті

ҚР ИИДМ басшысының орынбасары қызылордалықтармен кездесті

Мемлекет басшысының «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын орындау мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев Қызылорда облысына барып, жергілікті халықпен кездесті.

Аталған сапарында вице-министр Қызылорда шаһарындағы жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан әлеуметтік және стратегиялық нысандарды аралады. Оның ішінде СПМК-70 ауданы мен Сырдария өзенінің сол жағалауындағы автономды қазандықтардың жай-күйін бағамдап, көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты.

Осыдан кейін Еркебұлан Дауылбаев облыс әкімінің орынбасарымен бірге салалық басқармалардың өкілдері жиналған кездесуге қатысып, онда өңірдегі өзекті мәселелер қаралды. Мәселен, ИИДМ басшысының орынбасары қала құрылысын тиімді жоспарлауға күш салу керектігін жеткізіп, тұрғын үй саясатын іске асырудағы көзделген көрсеткіштерге қол жеткізудің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ вице-министр өңірдің халқымен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады. Аталған кездесуде құрылыс және ТҮКШ салаларын реформалауға қатысты мәселелер айтылды. Атап айтқанда, Гагарин шағын ауданының тұрғыны кәріз сорғы стансасынан шығатын жағымсыз иісті жою жөнінде өтініш жасады. Сонымен қоса қызылордалықтар Бәйтерек шағын ауданындағы сумен жабдықтау жүйесіндегі қысымды арттыруды өтінді.

Бұдан бөлек қала тұрғындары жаңа Жылу электр стансасы қашан салынатынын сұрап, облыс орталығындағы көп қабатты үйлердің сәулет үлгісіндегі бірізділікке көңілдері толмайтындарын жеткізді.

Өтініш білдіргеннің барлығына толымды жауаптар беріліп, қосымша зерделеуді талап ететін мәселелер бойынша азаматтарға жазбаша жауаптар жіберіледі.