ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі халықпен кездесті

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі халықпен кездесті

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму  вице-министрі Ержан Мырзабаев облыс тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады.

Экономиканың негізгі секторларының бірі – өңдеу өнеркәсібі. Аталған сала үш жылдың ішінде облысқа 850 млрд теңге инвестиция әкелген. Осылайша, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2021 жылдың қорытындысы бойынша 306 млрд теңгеге дейін артқан. Ал, алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 606 млрд теңгені құрады. Бұдан бөлек, 2025 жылға дейін аймақта 414 млрд теңгеге 35 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 6 мыңға жуық жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.

«Жоспар бойынша жылдың соңына дейін құрылыс блоктарын өндіретін кәсіпорын іске қосылмақ. Нәтижесінде бұл зауыт 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, жылына 250 мың өнім шығармақ. Солтүстік Қазақстан облысы астықты аймақ болғандықтан,  ауылшаруашылық техникасын шығаратын ірі жоба қолға алынбақ. Сондай-ақ дәрілік препараттар шығаратын зауыттың ашылуы да жоспарланып отыр», – деді вице-министр.

Е.Мырзабаев тұрғын үй саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да баса назар аударды. Бүгінгі таңда облыс көлемінде құрылыс жұмыстары 60-тан астам алаңда жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік маңызы бар нысандармен қатар 27 бюджеттік және 34 коммерциялық үй тұрғызылуда. Соңғы бес жылда облыста 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2026 жылға дейін 2,3 млн шаршы метр салынады деп жоспарланып отыр.

Кездесуге келген тұрғындардың басым бөлігі халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету, жол құрылысы, жолаушылар тасымалы төңірегінде сұрақтарын жолдады. Халықпен кездесуден кейін Ержан Мырзабаев БАҚ өкілдерінің қоғамдық көлік, автомобиль жолдарын жөндеу, тұрғын үйге қатысты сұрақтарына жауап берді.