
Мемлекет басшысының «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев Түркістан облысына ісспармен барып, жергілікті халықпен кездесті.
Атап айтқанда, түркістандықтар баспана кезегі, оның ішінде «7-20-25» бағдарламасы сынды жеңілдетілген несиемен тұрғын үй алудың жолдарын сұрап, сондай-ақ сумен жабдықтау мен жол инфрақұрылымының сапасына байланысты мәселелерді ретке келтіріп беруді өтінді. Мәселен, Сарыағаш ауданының Құркелес елді мекенінің тұрғыны Жанат Қыдырәлиева ауыз су тапшылығы, нақты айтқанда жаз мезгілінде судың қысымы төмендейтінін айтып, сондай-ақ жол инфрақұрылымына қатысты сауалын қойды. Өз кезегінде вице-министр аталған мәселені шешудің тетіктері қарастырылып, облыс әкімдігімен бірлесе отыра жолданған сұрақтың орындалуы қадағаланатынын жеткізді.
Сонымен қатар әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған өңір азаматтары баспана алу кезегінің жылжымайтыны жөнінде айтты. Бұл мәселе бойынша пәтердің жалға алу ақысына байланысты мемлекеттен субсидия түрінде жеңілдіктер қарастырылғаны, сондай-ақ оны заң аясында пайдалану мүмкіндіктері түсіндірілді.
Бұдан басқа халықпен кездесуде еліміздегі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларында жүргізіліп жатқан реформалар туралы, қолданыстағы және жоспарланып отырған ынталандыру және қолдау тетіктерін қолдану жолдары айтылды.
Түркістан облысына жасаған сапары аясында ИИДМ басшысының орынбасары сондай-ақ стратегиялық инфрақұрылым нысандарын аралап, салалық басқармалардың жұмыс кеңесіне қатысты. Онда өңірдің көрсеткіштері мен проблемалық мәселелері талқыланды.