Қайырбек Өскенбаев қостанайлықтармен кездесті

Қайырбек Өскенбаев қостанайлықтармен кездесті

Қостанай облысына сапары барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жергілікті халықпен кездесті.

Ең алдымен ведомство басшысы қиын кезеңде ауызбірлік танытып, сабырлық сақтаған Әулиекөл ауданының халқына алғысын жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 91 тұрғын үйдің құрылысы бір айда, яғни мерзімінен бұрын аяқталды. Қостанайлықтардың қиын сәтте нағыз ұйымшылдық пен табандылық танытқаны қуантады, әрине. Әріптестеріміз, яғни құрылысшылар да айтарлықтай жұмыс атқарып, көмек көрсетті. Мұндай нәтижеге Президенттің ұстанған бағыты мен мемлекеттік саясатты нақты іспен қолдайтын өңір тұрғындарының үйлесімді іс-әрекетінсіз жету қиынға соғар еді деп санаймын», деді Қ.Өскенбаев.

Сондай-ақ министр кәсіпкерлікті дамыту, қолайлы бизнес-ахуалды қалыптастыру, инвестициялық тартымдылықты арттыру бойынша мемлекеттің жүргізіп жатқан жұмыстары туралы айтты.

Қ. Өскенбаевтың айтуынша, осы жылы өңірде өңдеу өнеркәсібі саласындағы барлық негізгі көрсеткіш бойынша оң динамика байқалып отыр. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 9,7% - ға ұлғайып, 1233,8 млрд теңгені құрады. Таяудағы 5 жылда Қостанай облысында жалпы сомасы 2,5 трлн теңгеден асатын 37 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Айта кетейік, Қостанай облысы – өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласында әлеуетті өңірлердің қатарында келеді. Әлеуметтік-экономикалық даму шеңберінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қостанай облысының әкімдігімен бірлесіп, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша жұмысты жүргізуде.

Өз тарапынан өңір халқы көкейлерінде жүрген сауалдарды министрге тікелей қоюға мүмкіндік алды. Мәселен, Заречный ауылының тұрғыны Ақмырза Баймағамбетов жаңа шағын аудандарда тұрғын үйдің құрылысы қашан басталатынын, сондай-ақ оның арасында жергілікті атқарушы органдарының кезегінде тұрғандар үшін баспана қаншалықты қарастырылатынын сұрады.

Бұл ретте Қ.Өскенбаев бұл бағытта түрлі тетік қарастырылып, енгізіліп жатқанын айтты.

«Кезінде сатып алу құқығымен жалдамалық тұрғын үйлер салына басталғанын білесіздер. Кейін сатып алу құқығы қарастырылмайтын баспаналар салынды. Сосын әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған азаматтардың жалдап тұрып жатқан пәтерлерінің ақысын субсидиялау шешімі қабылданды. Қазір Парламентте де түрғын үй қатынастарына байланысты заң жобасы қарастырылып жатыр. Өйткені халықтың басым бөлігі жалдамалық пәтер құрылысын жаңғыртуды сұрап отыр. Бұл ұсынысты қазір AMANAT партиясы да жан-жақты зерттеп, пысықтап жатыр. Таяу болашақта ауылды жерлердің дамуына да ерекше басымдық берілетінін айта кетейін. Оның ішінде ауылды елді мекендердегі инфрақұрылымды жақсартуға, сондай-ақ баспана құрылысының үлесін арттыруға ден қойылады», ­– деді министр.

Денисов ауданы Приреченка ауылының тұрғыны Ахметжан Апазов сапалы ауыз суға байланысты сауалын жолдады. Оның айтуынша, ауылдың 1200-ге жуық тұрғыны суды сырттан әкеліп пайдаланады. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері айтқандай, 2022 жылы «Приреченка және Денисов ауданының шеткі аймақтарындағы ауылдарын сумен жабдықтаудың тарату желілері мен құрылыстарын салу» жобасын іске асыруға бюджет қаражаты бөлінген.

«Республикалық бюджеттен қаражат қарастырылған. Жергілікті атқарушы орган өкілдерінің ақпараты бойынша жоба 2 жылға есептелген. Яғни, 2024 жылы ауыл тұрғындары сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Бүгінгі таңда ҚР ИИДМ әзірлеген ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша интерактивті карта жұмыс істейтінін атап өткім келеді. Картаға азаматтардың өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы арқылы халықпен кері байланысты көздейтін жаңа функциялар қосылды», – деп атап өтті Қайырбек Өскенбаев.

Естеріңізге сала кетейік, ауылдардағы сумен қамтамасыз етуді бақылау үшін министрлік ашық интерактивті картаны әзірлеген болатын. Әр азамат https://auylsu.kz/provision сілтемесі арқылы өз ауылы туралы ақпаратты көре алады. Картада әр ауыл бойынша барлық қажетті ақпарат көрсетілген. Оның ішінде сумен қамтамасыз ету, қаржыландыру, қаражатқа қажеттілік, халық саны, ұзындығы және инфрақұрылымның жай-күйіне қатысты мәліметтер қамтылған.

 Кездесуді қорытындылаған ҚР ИИДМ басшысы тиісті ведомстволармен бірлесіп, айтылған ұсыныстар мен пікірлер жан-жақты қарастырылатынын айтты.

«Еліміздің тұрғындарын толғандыратын мәселелерді әрқашан талқылауға дайынбыз. Сондықтан мұндай форматтағы кездесулер халық пен биліктің арасындағы коммуникациялардың тиімділігін арттырудың қуатты құралы саналады деп санаймын», – деп түйіндеді Қ.Өскенбаев.