Мемлекеттік қызметтерді жетілдіру бойынша интеграциялық жұмыстар жүргізілді

Мемлекеттік қызметтерді жетілдіру бойынша интеграциялық жұмыстар жүргізілді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі сәулет, қала құрылысы және тұтастай құрылыс саласында лицензия беру мен аккредиттеу бағытындағы мемлекеттік қызметтерді жетілдіру үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, сондай-ақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, «Е-лицензиялау «Мемлекеттік деректер базасы» ақпараттық жүйесін интеграциялау бойынша жұмысты іске асырды.

Аталған ақпараттық жүйе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек шарттарын есепке алу және жұмысшылардың бейінін жүргізу модулі» автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен интеграцияланды.

Енді 5-ші желтоқсаннан бастап сәулет, қала құрылысы және тұтастай құрылыс саласында лицензия алу мен аккредиттеуден өту үшін өтініш беру және мәліметтерді толтыру кезінде аттестатталған инженерлік-техникалық қызметкерлер мен (немесе) сарапшыларға қатысты деректер еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінен автоматты түрде алынады.

Осы орайда қызмет алушыларға жасалған еңбек шарттарына байланысты мәліметті Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізу қажет екенін айта кетейік.

Электронды еңбек шарттарын жасауға қатысты сұрақтар туындаған жағдайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-на жүгіну қажет (enbek.kz, 1414).