
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі отандық IT-мамандарымен бірлесіп, қара және түсті металдардың сынықтарын есепке алудың интеграцияланған ақпараттық жүйесін әзірлеуді қолға алды. Заманауи шешім шынайы уақыт режімінде нарық қатысушыларын сатып алынған немесе сатылған металл сынықтар туралы есептілікті ұсынуды міндеттеуге ықпал етеді.
Бұл туралы ZOOM форматында мүдделі тараптардың қатысумен өткізілген кеңесте белгілі болды. Онда «Атамекен» ҰКП-ның, Қайталама металлургия өнеркәсіпшілері республикалық одағының, «Қайталама металлургия» республикалық салалық қауымдастығының, Түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинап, сату жөніндегі компаниялар қауымдастығымен бірге IT-компаниялардың өкілдері жиналып, осы бағыттағы ұсыныстарын жеткізді.
Аталған мәселені талқылау кезінде салалық қауымдастық тарапынан еліміздегі қара және түсті металл сынықтары саласының өзекті мәселелері айтылып, IT-қауымдастық өкілдері бұл саланы автоматтандыруға байланысты бірқатар цифрлы шешімді ұсынды. Айтылған ұсыныстарды әрі қарай іске асыру үшін ҚР ИИДМ жүйенің іске асыру тетіктерін ҚР ЦДИАӨМ бірлесіп пысықтайды.
Металл сынықтарын есепке алуды автоматтандыру – осы нарықты реттеп, аталған кәсіппен айналысатындарға қойылатын талаптардың сақталуын бақылауға, сондай-ақ отандық металларугиялық кәсіпорындардың бұл шикізатқа деген қажеттілігін анықтауға мүмкіндік беретінін атап өту керек.
ҚР ИИДМ баспасөз қызметі