
«Kaztraffic-2022» халықаралық көрмесі аясында жол құрылысындағы озық технологияларға және аса маңызды көліктік-логистикалық күретамырларды дамытуға бағытталған бірқатар іскерлік іс-шара ұйымдастырылды. Негізгі пікірталас алаңдарының бірі – «Автожол саласын дамыту перспективалары» пленарлық отырысы болды. Онда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр баяндама жасады.
Ол автомобиль жолдарының сапасына кері әсер ететін түйткілдерге тоқталып, оларды шешудің кешенді жоспарын таныстырды. Оның сөзінше, бұл климаттық жағдайларды ескере отырып, шетелдік технологияларды әлсіз сынақтан өткізу, кадр тапшылығы, жолдарды салу және пайдалану кезінде тозығы жеткен техниканы пайдалану. Сондай-ақ, жабдықты, техниканы, қосалқы бөлшектер мен компоненттерді жеткізу, шетелдік өндірушілер шығаратын қоспаларды қолдану бойынша 100% импортқа тәуелділік те бар екенін алға тартты.
«7 жылдан артық пайдаланылған техниканы құрылыс және реконструкциялау нысандарында қолданбауды ұсынамыз. Аталған шарт келісімшарттарға енгізілуі керек. Бұдан бөлек, преференциялар бере отырып, жол-құрылыс техникасын өндіру және құрастыру бойынша шетелдік инвесторларды шақыру қажет деп санаймыз. Бұл ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тиісті ұсынысқа бастамашылық етуге дайын», - деп жеткізді Жамбыл Бақтияр.
Жамбыл Бақтияр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жол саласын реформалау аясындағы жаңашылдықтарды да тілге тиек етті. Олардың бірі - автожол жобаларын ЕРСМ келісімшартына көшіру және сол қағидат бойынша іске асыру болып табылады.
«Аталған келісімшарттың негізгі артықшылығына тоқталар болсам, құны техникалық-экономикалық негіздеме мен жоба-сметалық құжаттамаға байланбай ірілендірілген бағалар бойынша айқындалатын болады. Аталған қағида бойынша бір орындаушы жобаны толықтай өзі жүзеге асырады, яғни жобалау сатысынан бастап осы учаскені одан әрі 10 жыл бойы күтіп ұстайды», - деп атап өтті Жамбыл Бақтияр.
Ресей Федерациясы Федералды жол агенттігі басшысының орынбасары Андрей Самарьянов өз баяндамасында Росавтодор қарама-қарсы бағытта жүріп, соқтығысуды болдырмау және жол-көлік оқиға салдарынан болатын өлім-жітім деңгейін төмендету мақсатында қарсы қозғалыс ағындарын бөлудің басымдығы туралы айтып берді. Ол мысал ретінде салынып жатқан М-12 жылдамдық күре жолына жанасатын Қанаш елдімекенінен Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының шекарасындағы «Сагарчин» халықаралық автомобиль өткізу бекетіне дейінгі учаскені келтірді.
«Бүгінгі таңда оның көліктік-пайдалану көрсеткішіне сәйкестігі 80,4 %-ды құрайды. Автомобиль көлігі қозғалысының ағымдағы қарқындылығын ескере отырып, 2027 жылға дейін Росавтодор ұзындығы 341,3 шақырым құрайтын учаскелерді төрт жолаққа ауыстыруды жоспарлап отыр. Бұл негізінен ірі елдімекендерге кіреберістер. Осылайша, 2027 жылға қарай Қанаштан «Сагарчин» халықаралық автомобиль өткізу бекетіне дейінгі учаскенің жартысы төрт жолақты болады деп көзделген. Бұл 868,6 шақырымның 427,8-і», - деп хабарлады Федералды жол агенттігі басшысының орынбасары.
Қос елдің шекарасындағы өткізу пункттеріне апаратын автомобиль жолдары желісін кешенді дамыту Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы делегацияларының кездесуінде де талқыға салынды. Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин Қазақстан мен Ресей стратегиялық әріптес болып табылатынын және қос мемлекет арасында кең ауқымды спектр бойынша өзара іс-қимылдар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Жыл сайын тасымалдау көлемі артып келеді. Осыған байланысты екі елдің шекарасындағы өткізу бекеттерін қоса алғанда, жол инфрақұрылымын дамыту өте маңызды. «Батыс – Шығыс», «Меридиан» көлік дәліздері, сондай-ақ Ресей Федерациясының аумағына шығатын бағыттарымыз басымдыққа ие. Мәселен, «Омбы-Майқапшағай», «Ақтөбе-Атырау-Астрахань», – деп жеткізді Төлеген Абдуллин.
Өз кезегінде Росавтодор басшысының орынбасары Андрей Самарьянов Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу бекеттерін, сондай-ақ оларға кіреберістердегі автожол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарларының орындалу барысы туралы баяндады. Қос тарап белгілеген барлық жоспарлар белгіленген мерзімдерге сәйкес, яғни уақтылы орындалып жатқаны айтылды.