ҚР ИИДМ «Жасыл кеңсе-2022» республикалық байқауының жеңімпазы атанды

ҚР ИИДМ «Жасыл кеңсе-2022» республикалық байқауының жеңімпазы атанды

Елордада «Жасыл кеңсе-2022» республикалық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Сайыс қорытындысы бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор арасында үздік атанды.

Байқауға 100-ге жуық өтінім келіп түскен. Үздік кеңселер 8 аталым бойынша сарапталды. Атап айтқанда, өтінімдер білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор арасында, бизнес нысандары мен сауда орталықтары, өнеркәсіп ошақтары, қаржы ұйымдары және үкіметтік емес ұйымдар арасында сарапталды. Арнайы құрылған комиссияның шешімімен 26 қатысушы үздік деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және «Green office» арнайы белгісімен марапатталды.

Байқау ұйымдастырушыларының айтуынша, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі түрлі экологиялық бастамаларға белсенді атсалысып, энергия тиімділікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Мәселен, 2018 жылдан бері мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ведомство орналасқан ғимаратта 50 пайызға дейін энергия үнемдейтін шамдар орнатылып, жарықты автоматты түрде бақылау жүйесі пайдалану қолға алынды. Сондай-ақ сараптама барысында жылу энергиясын сақтау бағытындағы жетістіктер мен ғимаратты желдету жүйесімен қамтамасыз ету, суды тұтыну деңгейін азайту, тұрмыстық және кеңсе қалдықтарын азайту мен ластану деңгейінің төмендігі де назарға алынды. Министрлік ғимаратындағы кеңселер жылу энергиясы мен суды үнемдеуге арналған құрылғылармен толыққанды жабдықталған. Бұдан бөлек, жылуды автоматты түрде реттегіш жүйесі іске қосылған, қағаз қалдықтарына арналған арнайы жәшіктер орнатылып, электронды құжат айналымы қолданысқа енгізілген. Ғимарат әкімшілігі қызметкерлердің жайлылығы мен денсаулығына жете назар аударады.

Айта кетерлігі, аталған байқау 2019 жылдан бері Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлiгi мен Астана қаласындағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар Кеңсесінің қолдауымен «Жасыл экономиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.

Конкурстың басты мақсаты – энергияны, суды және ресурстарды үнемдеудi ынталандыру, экологиялық таза технологияларды, тауарлар мен қызметтердi дамыту және қоршаған ортаға бағытталған жұмыста қолайлы жағдай жасауға жәрдемдесу. Сонымен қатар экологиялық жауапкершілігі жоғары мекемелер мен ұйымдардың алдыңғы қатарлы тәжірибелерін кеңінен дәріптеу де байқау міндеттерінің бірі. Осыған орай «Жасыл кеңсе» принципін енгізу және осы тараптағы жобаларды насихаттау орайында түрлі тренингтер мен шаралар өткізілді.