
Шымкент қаласына жасаған іс-сапары аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «Тассай» индустриялық аймағындағы бірқатар өндірістік кәсіпорында болды.
Атап айтқанда, ведомство басшысы «Nurtau Distribution Company» ЖШС қызметімен танысты. Кондитерлік фабрика жылына 1 миллионнан астам шоколодты конфеттер мен 2 миллионға жуық сағыз шығарады. 2020 жылы ашылған кәсіпорында бүгінде 60 адам жұмыс істейді.
Ал іргетасының қаланғанына екі жылдан астам уақыт өткен «Taba Industrial» зауытында 65 адам еңбекпен қамтылған. Кәсіпорын жыл сайын 510 мың дана халық тұтынатын тауар түрлерін өндіреді.
«Тассай» индустриялық аймағынан соң ИИДМ басшысы шыны зауытының құрылыс барысымен танысты. Қазіргі таңда «Завод Авангард» кәсіпорнында құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, құрал-жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Зауыт биылғы жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға берілмек. Өндіріс ошағының жобалық қуаттылығы жылына 800 мың шаршы метр шыны өндіруге қауқарлы. Дайын өнімдер ішкі нарыққа Global Glass брендімен шығарылмақ.
Бұған дейін хабарланғандай, «Тассай» индустриялық аймағында Қайырбек Өскенбаев дәрі-дәрмек және гигиеналық өнімдер шығаратын «Dentafill Kazakhstan» зауытының құрылысымен танысып, «Mega Smart B2B» ірі жиһаз фабрикасы мен медициналық бұйымдар мен жеке қорғаныш құралдарын өндіретін «Эко-Фарм» ЖШС-на қарасты жаңа цехта болды. Қазақстандық кәсіпкерлердің барлық жобалары мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асырылған.