
Жамбыл облысына жасаған іс-сапары барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев өңір тұрғындарымен және кәсіпкерлермен кездесті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру мақсатындағы жиынға жергілікті мемлекеттік орган басшылары, бизнес-қауымдастық өкілдері мен облыс тұрғындары қатысты.
Басқосуда кәсіпкерлер салаға қатысты ұсыныстарын ортаға салып, өтініштерін жеткізді. Сондай-ақ бизнесмендер өңірді дамытудың келешегіне қатысты өз пікірлерімен бөлісті.
Жамбыл облысы – өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларында әлеуетке ие өңірлердің бірі. Соңғы жылдары аймақтың инвестициялық тартымдылығы да артып келеді. Бүгінде өнеркәсіп саласында өнім сапасын арттыруға және шығындарды азайтуға бағытталған жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Қазіргі күнде облыста 76 мың кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның 40 мыңы жеке кәсіпкерлер болса, 17 мыңы шаруа қожалықтары. Кәсіпкерлік нысандарының 2 мыңы өңдеуші өнеркәсіпте жұмыс істейді.
«Кәсіпкерлік – экономиканың негізгі тірегі әрі қозғаушы күші болуы қажет. Бизнес өз кезегінде әлеуметтік жауапкершілікті сезінуі тиіс. Ал ең бастысы – облыс тұрғындарын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету», – деп атап өтті министр.
Сонымен қатар Қайырбек Өскенбаев мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамыту, қолайлы бизнес-климатты қалыптастыру, инвестициялық тартымдылықты арттыру бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жиын барысында «Казфосфат» компаниясының бір топ қызметкері ірі кәсіпорындарда зияндылық үшін төлемді қайта төлеу мүмкіндігін қарастыру қажеттігін алға тартып, кәріз суларын тазалаудың тиімді тетіктерін айтты. Бұдан бөлек, минералды тыңайтқыштарды өндіруге қатысты және фосфогипс өндірістік қалдығын жол құрылысына, сортаң жерлерді құнарландыру мақсатында пайдалану турасындағы ұсыныстарын жеткізді.
Өз кезегінде ИИДМ басшысы тиісті ведомстволармен бірлесіп айтылған ұсыныстар мен сұрақтар жан-жақты зерделенетінін жеткізді.