Қайырбек Өскенбаев Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы жол жөндеу жұмыстарын ілгерілету туралы айтты

Қайырбек Өскенбаев Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы жол жөндеу жұмыстарын ілгерілету туралы айтты

«Орал-Жәнібек», «Өнеге-Сайқын» учаскелері бойынша 248 шақырымның 135-і жөнделді

Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағаты кулуарында БАҚ өкілдеріне мәлімдеді. Ведомство басшысы Президенттің Батыс Қазақстан облысының жолдарына қатысты айтқан сынын еске сала кетті.

Ағымдағы жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне барлық қажетті шараларды дереу қабылдауды тапсырған болатын. Белгіленген мерзімге дейін жобаларды уақытылы тапсырмағандар жазаланды.

«Мемлекет басшысының Батыс Қазақстан облысына қатысты айтқан сынынан кейін «Орал-Жәнібек» және «Өнеге-Бисен-Сайқын» республикалық тас жолдарындағы жұмыстың қарқыны артты. Бүгінгі таңда 248 шақырымның 135-і жөнделді. Осылайша, ағымдағы жылдың соңына дейін қозғалыс жолдардың 54%-ында ашылатын болады»,- деді Қайырбек Өскенбаев.

Министр сондай-ақ «Атырау-Астрахань» тас жолын реконструкциялау барысы туралы да айтты. Оның айтуынша, жұмыстар 277 шақырымның 130-ына жуығында орындалған.