
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев автожол саласындағы іске асырылып жатқан жобалар туралы айтып берді. Айтуынша, ағымдағы жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары жалпы пайдаланымдағы 11 мың шақырым жолда жүргізілуде.
«Бұл республикалық желінің 7 мың шақырымы және жергілікті желінің 4,6 мың шақырымы. Соның ішінде республикалық маңызы бар жолдардың 4 мың шақырымында құрылыс және реконструкция жұмыстары іске асырылуда, ал қалған 3 мың шақырымы күрделі және орташа жөндеумен қамтылған», - деп жеткізді Қайырбек Өскенбаев.
Жергілікті автожолдар желісінің 4,6 мың шақырымы жөндеудің барлық түрлерімен қамтылған. Автожол саласын дамытуға 2022 жылға республикалық бюджеттен 603 млрд. теңге бөлінді. Басымдық қолданыстағы жобаларды аяқтауға беріліп отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз, алдымен, басталған, яғни қолданыстағы барлық жобаларды аяқтауымыз керек.
Автожол саласында 2024 жылға дейін іске асыруды көздейтін жалпы ұзындығы 4 мың шақырым болатын 17 жоба бар»,- деп түсіндірді ведомство басшысы.
Жыл соңына дейін қозғалыс 1 мың шақырым жолда ашылады деп жоспарланған. Қалған 3 мың шақырымында жұмыстар 2023 жылы аяқталмақ.
Айта кетейік, бүгінде республикалық желі жолдарының 90%-ы, ал жергілікті желі жолдарының 80%-ы нормативтік жағдайда.