ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі алқасының кеңейтілген отырысы

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі алқасының кеңейтілген отырысы

2020 жылғы 18 ақпанда «Қазмедиаорталығында» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2019 жылдың қорытындылары мен 2020 жылғы міндеттерге арналған кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті.

Жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр, ҚР Парламенті Сенаты және Мәжілісі депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Алқа мәжілісінде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», индустрияландыру  мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру, көлік және логистика, авиация, құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қойнауын пайдалану, өнеркәсіпті цифрландыру сияқты салаларда атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.

2019 жыл қорытындысында «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес 13,1 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2018 жылғы деңгейден 4,9%-пайызға жоғары. Жылдық жоспар 100,5% орындалды. 116 мың отбасы, оның ішінде мемлекеттік инвестициялар есебінен 29 мың отбасы баспана жағдайын жақсартты. 2020 жылы 14,1 млн. шаршы метр тұрғын үй немесе 130 мыңнан астам тұрғынжай салу міндеті тұр.

2019 жылдың мамыр айынан бері 7387 көпбалалы отбасыға баспана берілді. Бұл санаттағы азаматтарға жылына 6 мыңнан пәтер беріліп, 7 жыл ішінде 40 мыңдай отбасын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. 

Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастардың баспана проблемаларын шешу бойынша шаралар қабылданды. 2019 жылы осындай тұрғын үй 3004 қатысушыға берілді. 3 жыл ішінде 9 мыңнан астам жасты жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген

Ауызсуға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін 2019 жылы Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша құны 125 млрд. теңге болатын 400-ден астам жоба іске асырылды. Бұл халықты қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтау деңгейін 97,2% және ауылдарда 86,4% дейін арттыруға мүмкіндік берді. 2020 жылы осы көрсеткішті қалаларда 97,5%-пайызға және ауылдарда 87,7%-пайызға дейін жеткізу жоспарланған.

Құрылыс сапасын бақылауды күшейту үшін Е-QURULYS бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл жүйе объектінің құрылысы басталғаннан бастап оны аяқтағанға дейін барлық процесті онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді.

2019 жылы Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығын аяқталды. Бағдарлама елдің өнеркәсіптік дамуына жаңа серпін берді. Өнеркәсіп өткен жылы 3,8%, оның ішінде өңдеуші сектор 4,4%, тау-кен өндіру 3,7% өсті.

Екінші бесжылдық аясында (2015-2019 жж.) өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары 45 трлн. теңге, оның ішінде былтыр 11,2 трлн. теңгенің өнімін өндірді. Осы жылдары сектор кәсіпорындарынан түскен салық 3 есе өсіп, 9 трлн. теңгеге асты. Қазіргі уақытта өңдеуші өнеркәсіптен түсетін салық индустрияландыру саясатын іске асыруға арналған шығыннан 6,5 есе артық.

Саладағы еңбек өнімділігі 4,2% өсті. Отандық өнім өндірушілер 72 млрд АҚШ долларына өнімдерін экспорттады, олар бүгінде әлемнің 120 елінде шығарылады.

Машина жасау саласы екінші жыл қатарынан елеулі өсім (2018 жылы -114,4%, 2019 жылы - 120,9%) көрсетті. Оның ішінде автомобиль жасау саланың драйверіне айналды (162,5%). Жеңіл автонесие бағдарламасына өсімге оң әсер етті. 2019 жыл қорытындысында жеңіл өнеркәсіп өсімі 113,5% көрсетіп, оған тоқыма (116,1%) және киім-кешек өндірісі (108,2%) есебінен қол жекізілді. Фармацевтикалық (112,2%) және металлургиялық өнеркәсіп (104,1%) салаларында тұрақты өсім бар. Индустрияландыру картасы аясында 2015-2019 жылдары жалпы сомасы 5 трлн. теңгенің 556 жобасы іске қосылып, 84 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 13 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) және 23 индустриялық аймақ (ИА) жұмыс істейді. Өткен жылы АЭА-да 185 жоба, ИА-да 149 жоба іске қосылып, 22 мыңнан аса жұмыс орны ашылды. Бұл аймақтарда 136 түрлі өнім шығарылады, олардың 30-дан астамы жаңа өнімдер.

Көлік қызметтерінің көлемі 2019 жылы 5,1% ұлғайды. Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 3,3% артып, 4,2 млрд. тоннаны құрады. Тасымалданған жолаушылар саны 3,5% артты. Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымал көлемі 2% ұлғайып, 19,4 млн. тоннаға жетті, оның ішінде 17,5 млн. тоннасы темір жолмен, 1,93 млн. тоннасы автокөлікпен тасымалданды. 2020 жылы көлік қызметтерінің жалпы көлемін кемінде 5 % артыру жоспарланып отыр.

Автомобиль жолдары саласында 2019 жылы республикалық маңыздағы 4,4 мың шақырым жол салынып, қайта жаңғыртылды. 641 шақырым жолда қозғалыс ашылды.     

Республикалық жолдардың 1,1 мың шақырымында және жергілікті жолдардың 3,5 мың шақырымында күрделі және орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2020 жылы жалпы алғанда 9,8 мың шақырымында жолдар салынып, жөнделеді.

Азаматтық авиация саласында негізгі көрсеткіштер динамикасы тұрақты өсімді көрсетті. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 8,6 млн. астам жолаушы тасымалданды, бұл 2018 жылғы көрсеткіштен (7,9 миллион) 9% артық. Отандық әуежайларда 17,7 млн. жолаушыға қызмет көрсетілді, бұл арғы жылдан 12% көп (15,8 млн. жолаушы). Соңғы 7 жылда транзиттік жолаушылар ағыны 45 есеге артты. Өткен жыл қортындысында бұл көрсеткіш 1 миллион транзиттік жолаушыға дейін өсті. Транзиттік рейстер саны 4% артты.

Бүгінгі таңда Қазақстанның 26 мемлекетпен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасы бар (аптасына 26 шетелдік және 3 қазақстандық әуе компаниясы 430 рейс). Өткен жылдың басынан отандық және шетелдік әуе компаниялары 12 халықаралық рейс ашты. 2019 жылдың 1 қарашасында Мемлекет Басшысының тапсырмасымен енгізілген "ашық аспан" режимі аясында 14 жаңа халықаралық әуе бағытын ашу жоспарланып отыр.

Жер қойнауын пайдалану саласында 2019 жылғы ПҚҚ (пайдалы қатты қазбалар) бойынша «Бірінші келді – бірінші алды» қағидасы жүзеге асырыла бастады. Аталған тәсілмен кіші геологиялық барлау компанияларына 520-ға жуық барлауға арналған лицензия, оның ішінде: келісімшарттан лицензиялық тәсілге өту – 10 лицензия; Индустриялдық инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы субъектілеріне – 5 лицензия; ұлттық компанияларға – 2 лицензия; «бірінші келді – бірінші алды» қағидасы бойынша – 503 лицензия берілді. Қазақстанның өзге де аумақтарында геологиялық барлау жұмыстары кеңейтіліп, инвестиция көлемі артады деп жоспарланып отыр. Пайдалы қатты қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалануға салынған инвестция 1,8 трлн. теңгені құрады. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде Қазақстан жер қойнауын пайдаланудың инвестициялық тартымдылығы индексі бойынша Фрейзер институтының халықаралық рейтингісінде 73-орыннан 24 орынға көтерілді.

Алқа отырысының соңында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр бірқатар нақты тапсырмалар берді.