
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Ашық сағат алаңы» жобасы аясында Азаматтық авиация комитеті еліміздегі аэронавигация жүйесінің орта мерзімдік (2022-2025 жж.) дамуына арналған басқосу өткізді. Бейнебайланыс режиміндегі жиынға отандық бизнес-қауымдастық өкілдері қатысты.
Сонымен қатар кеңеске «Қазақстанның авиация әкімшілігі» АҚ, «Казаэронавигация» РМК, «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ өкілдері мен «Air Astana», «SCAT» және «Qazaq air» сынды әуе компанияларының мамандары қатысты.
ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Ардақ Өтепов «Қазаэронавигация» еліміздегі аэронавигациялық қызмет көрсететін басты ұйым екендігін атап өтті. Оның айтуынша, мекеме азаматтық авиация саласын дамытуда және әуе қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өзіне жүктелген міндеттерді сапалы әрі мұқият орындап келеді. ICAO жүргізген аудиттік тексеріс нәтижесінде, Қазақстандағы аэронавигациялық қызмет көрсету деңгейі аталған халықаралық ұйымның талаптарына толыққанды жауап береді. Шамамен 95 пайыз көлемінде.
Десе де әлемдік авиация саласындағы заманауи үдерістер мен талаптар «Қазаэронавигация» мекемесінің алдына жаңа міндеттер жүктеп отыр. Атап айтқанда, олардың қатарында әуе кеңістігін пайдаланудың тиімділігін арттыру, әуе қатынастарын ұйымдастыруды жетілдіру, ұшу қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз ету және жаңа технологиялар енгізу сынды міндеттер бар.
Осыған орай басқосуда кәсіпорынның аэронавигация жүйесін орта мерзімде даму стратегиясындағы басым бағыттарға ерекше назар аударылды. Әсіресе, әуе қозғалысы ағынының артуына байланысты аэронавигациялық жүйелердің тұрақты қызмет көрсету жоспарын жүзеге асыру қажеттілігіне ерекше маңыз берілді. Бұдан бөлек, «Қазаэронавигация» РМК базасында RVSM қабатындағы ұшуларды қадағалайтын аймақтық мониторингтік орталығын құру мәселесі де сөз болды.
Сондай-ақ басқосуда сала мамандары аймақтық навигациялық жүйені енгізу, әуе кеңістігін тиімді пайдалану тұжырымдамасын іске асыру және еркін бағытталу сынды мәселелерді қарастырды.
ҚР ИИДМ баспасөз қызметі