«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы халықаралық контейнерлік транзитті дамытуға ерекше көңіл бөледі

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы халықаралық контейнерлік транзитті дамытуға ерекше көңіл бөледі

«New Silk Way» V халықаралық көліктік-логистикалық форумы шеңберінде «Қазіргі жағдайда көлік-логистикалық әлеуетті дамыту» тақырыбында бизнес-сессия өтті. Шараға «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Логистика жөніндегі басқарушы директоры Ерлан Қойшыбаев, TCDD Taşımacılık бас директорының орынбасары Четин Алтун және басқа да делегаттар қатысты.

Жиын барысында Ерлан Қойшыбаев баяндама жасап, ҚТЖ халықаралық контейнерлік транзитті дамытуға ерекше көңіл бөлетінін, өйткені бұл елдің стратегиялық ресурсы екенін атап өтті. Еліміздің географиялық орналасуы, ҚТЖ-ның дамыған инфрақұрылымы, активтері мен құзыреті өткен жылы бір миллион транзиттік контейнерлердің межелік деңгейін еңсеруге мүмкіндік берген.

«Бүгінгі таңда әлемде болып жатқан жаһандық өзгерістер жаңа көліктік-логистикалық архитектураны құруды талап етеді. ҚТЖ трансформациясы үшін бірнеше бағыт бойынша нақты шаралар іске асырылатын болады. Бұл ретте негізгі назар транзиттік тасымалдан түсетін табыстың көлемін арттыруға, сондай-ақ өңірлік хабтар құруға бағытталатын болады. Жалпы, ҚТЖ қабылдаған шаралар Қазақстан арқылы жеткізудің логистикалық тізбегін оңтайландыруға бағытталған. Тасымалдар көлемінде ең үлкен өсім транзитке баламалы бағыттардан жүктерді қайта бағдарлау және жаңа жүк ағындарын тарту есебінен келді», – деді Ерлан Қойшыбаев.

Бүгінгі таңда жүк жөнелтушілерге Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) және «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі арқылы Үндістан, Пәкістан және Парсы шығанағы елдері бағытында экспорттық тауарларды жеткізудің баламалы жолдары ұсынылды. Бұл ретте, ТХКБ бойынша тасымалдау 2,7 есеге артты.

«Контейнерлеудің оң қарқыны байқалады. Егер өткен жылдың басында жүк тасымалдарының жалпы көлемінде контейнерлердің үлесі тек 3%-ті құраса, қазір ол 5,4%-ке дейін өсті», – деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар компания бизнес-процестерді цифрландыру мен трансформациялауға ерекше көңіл бөледі, бұл тасымалдаудың барлық негізгі операциялық сегментіне жаңа технологияларды енгізуді қамтамасыз етеді.