ИИДМ ұжымы жалпықалалық сенбілікке қатысты

ИИДМ ұжымы жалпықалалық сенбілікке қатысты

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұжымы елордада жалпықалалық сенбілікке қатысты.

«Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day 2022)» экологиялық акциясы аясында өткізілген шарада ведомствоның 500-ден астам қызметкері бас шаһардағы Тұран, Орынбор және Сығанақ көшелерінің қиылысындағы аумақта санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді.

Қоғам назарын табиғатты сақтаудың маңыздылығына аудару және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы іс-шараға ҚР ИИДМ аппаратының басшысы Ерболат Мұқаев бастаған министрлік ұжымы қатысты. Ол экологиялық іс-шара қала тұрғындары мен барша отандастарымызды біріктіретін игі дәстүр екенін атап өтті.

«Сенбіліктің қоғам назарын сүйікті қаламыздың тазалығын сақтауға аударып, елорданың одан әрмен өркендеп, дами түсуіне тигізетін септігі зор. Өзге де азаматтар секілді біздің министрлік ұжымы да қаланы жасыл желекке бөлеуге де өз үлестерін қосуда. Алдағы уақытта да осы осы сияқты ізгі істерден шет қалмайтын боламыз», – деп атап өтті аппарат басшысы.

Айта кетерлігі, бүгіннен бастап елордада «Бірге таза Қазақстан» атты жалпықалалық экологиялық акциясы бастау алды. Бұл шара 15 қазанға дейін жалғасатын болады.

ҚР ИИДМ баспасөз қызметі