«Кешенді мақсатты бағдарлама» аясында жұмыстар жалғасуда

«Кешенді мақсатты бағдарлама» аясында жұмыстар жалғасуда

Еліміздің жолдарын жақсартуға және республикалық маңызы бар жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Кешенді мақсатты бағдарламаны» іске асыру жалғасуда.

Бүгінгі таңда жолшылар 490 мың шаршы метр шұрық-тесік, жолды жөндеп, ойқы-шойқы жолдың 147 мың шаршы метрін тегістеді. Сонымен қатар, 587 мың метр жолда жарықтарды құю іске асырылып, 9 мыңға жуық жол белгісі мен 323 дана ақпараттық панно орнатылды. Бағдарлама аясында 24 мың кума метр қоршауға жөндеу жүргізілді. Жолдың 23 мың шақырым қозғалыс бөлігіне таңбалар сызылды. 

Бұдан бөлек, 13 дана жарықдиодты жол белгісі және көпірлерде 327 қума метр қоршау қойылды. Сондай-ақ, 188 автопавильон мен демалыс алаңы жөнделіп, 2616 шаршы метрден астам жолға шу жолақтарын орнату жұмыстары жүргізілді.

Республикалық жолдарда, мамандар 1681 дана километрлік көрсеткіштер, 206 дана жол буфері, 18 мыңнан астам дабыл бағанасы және 26 мыңнан астам катафот орнатты.

Айта кетейік, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар  жол-көлік оқиға санын азайтуға және жүргізушілердің назарын барынша арттыруға септігін тигізеді. Мәселен, шу жолақтары таңдалған жолақтан шығып кету немесе жолдың қауіпті учаскесіне жақындауды ескертеді. Ал бұл жол белгілері мен жарықдиодты катафоттар жолда түнгі уақытта ұйықтап кетпеуге көмектеседі.

Естеріңізге сала кетейік, «Кешенді мақсатты бағдарлама» аясындағы жұмыстар жыл сайын жүргізілуде. Бүгінге дейін жоспардың 96% - дан астам орындалды.