Қайырбек Өскенбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Қайырбек Өскенбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылған кездесуде аймақ тұрғындары жергілікті құрылыс компанияларының қауіпсіздігі, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін I санаттағы лицензиаттарға қойылатын талаптарды шектеуге байланысты мәселелерді көтерді. Сондай-ақ азаматтар тарапынан қорғаныс өнеркәсібі, қосымша құрылыс нысандарын заңдастыру төңірегіндегі сауалдар да қойылды.

Мәселен, елорда тұрғыны Нұрсолтан Ғарышкер жергілікті құрылыс компанияларының қауіпсіздігіне байланысты өзін толғандырып отырған мәселені ортаға салды. Сонымен қатар ол құрылыс-монтаждау жұмыстарымен айналысу үшін I санаттағы лицензиаттарға қойылатын талаптарды шектеуді ұсынды. Осы орайда айта кетерлігі, бұл тараптағы біліктілік талаптары лицензияланатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру үшін қойылатын бірыңғай біліктілік талаптарында белгіленген.

 «Аталған талаптар қандай да бір шектеусіз тиісті лицензия алатын барлық үміткерлерге міндетті. Бұл талаптар жұмыс сапасын қамтамасыз ету үшін қажет. Осыны ескергеніңіз жөн болады», – деп атап өтті министр.

Сонымен қатар қабылдауда кірпіш блогы мен энергия үнемдегіш шыны өндірісіне байланысты да сұрақтар қаузалды. Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, бүгінде отандық нарықта 290 кірпіш шығаратын зауыт жұмыс істейді. Кәсіпорындар өткен жылы 4,3 млн текше метр өнім шығарып, ішкі нарық қажеттілігін 44 пайызға қамтамасыз еткен. Ал биылғы алғашқы 6 айда 531,5 мың текше метр көлемінде керамикалық кірпіш өндірілген. Осы ретте атап өткен жөн, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ішкі нарықтың сұранысын қамтитын импорт алмастыратын жобалардың жүзеге асырылуына басымдық береді.

Кездесу барысында Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары да өздерінің арыз-шағымдарын қойып, сауалдарын жеткізуге мүмкіндік алды. Өз кезегінде ИИДМ басшысы азаматтардың қордаланған ұсыныстары мен өтініштеріне толыққанды жауап берді. Жеке қабылдауда көтерілген барлық мәселелер бойынша құрылымдық бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеліп, олардың оң шешім табуы министрдің жеке бақылауына алынды.