
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде филология ғылымдарының кандидаты, белгілі алаштанушы ғалым Қайырбек Кемеңгер «Ұлт ұстазы Ахмет» тақырыбында танымдық дәріс оқыды.
Жиын мемлекеттік қызметкерлердің жоғары этикалық мораль қағидаларын сақтауын жетілдіру, олардың арасында тазалық, адалдық сынды құндылықтарды кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Басқосуға ведомство қызметкерлері мен оған қарасты мекемелердің өкілдері қатысты.
Дәріс барысында ғалым Ахмет Байтұрсынұлы туралы тың деректермен бөлісіп, Алаш қайраткерлерінің ұлт мүддесі үшін жасаған қайраткерлік істері турасында маңызды мәліметтер айтты.
«Елдік мұратқа адал, ұлттық мүддені биік қоятын мемлекет қызметкерін тәрбиелеуде бүгін біз айнымас темірқазық бола алатын Алаш тағылымын аса құнды рухани қазына деп бағамдаймыз. Бұл – ұлттық идеологияның ажырамас бөлшегіне айналуға тиіс деп ойлаймын. Алаш идеясының Тәуелсіздікпен сабақтастығын, егемендікті нығайтатын құндылық екенін терең зерделеп, насихаттауымыз қажет деп білеміз», – деді Қ. Кемеңгер.
Оның пайымдауынша, қазіргі еліміздің рухани-әлеуметтік және саяси-экономикалық саласында Алаш ұстанымына басымдық берілгені жөн. Атап айтқанда, мемлекеттік билік, саяси партия, идеология, экономика, руханият сынды салаларда Алаш идеясы үстемдік етуі тиіс.
Басқосуды министрліктің Әдеп жөніндегі уәкілі Таңсила Мұздыбекова қорытындылап, ғалымға мағыналы дәрісі үшін алғыс білдірді. Ол алдағы уақытта да мемлекеттік қызметшілердің бойында әдеп нормаларын қалыптастыруға ықпал ететін қоғамдық дәрістер сериясы жалғасын табатындығын атап өтті.