
Түркі мемлекеттері ұйымының Хатшылығы Көлікті үйлестіру комитетінің арнайы отырысын Ыстамбұл қаласында ұйымдастырды. Бұл шараға Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның мемлекеттік мекемелерінің министрлерінің орынбасарлары, ал Қазақстан атынан Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов бастаған делегация қатысты.
Вице-министр өз сөзінде көлік-логистикалық кешенді дамыту маңызды екенін және ұйымға мүше мемлекеттермен сыртқы экономикалық, сыртқы сауда байланыстарының маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Түркия және Еуропа аумақтары арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағытының танымалдылығы артуда.
Отырыста «Орта дәліздің» бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында, Шығыс-Батыс Транскаспий халықаралық көлік дәлізі бойындағы көлік-транзиттік операцияларға байланысты өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы көліктік және транзиттік жұмыстарды цифрландыру мәселелері, «ТМҰ мүше-мемлекеттері арасындағы халықаралық аралас жүк тасымалы туралы келісім» жобасы және мүше мемлекеттер мен бақылаушы мемлекеттер арасындағы рейстер санын арттыру мәселелері талқыланған болатын.
Атап өту керек, 2021 жылы 12 қарашада Ыстамбұл қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 8-ші Саммиті барысында ұйымға мүше мемлекет басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін көлік және транзит мәселелерінің маңыздылығын атап өтіп, әр елдің тиісті мекемелеріне тапсырма берген. Яғни, Транскаспий халықаралық Шығыс-Батыс Орта дәлізін тиімді, орнықты және кедергісіз бағытқа айналдыру мақсатында, қолайлы жағдай жасауды әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуді жалғастыруға тапсырған болатын.