Алматыда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық туралы жаңа заң нормалары түсіндірілді

Алматыда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық туралы жаңа заң нормалары түсіндірілді

2020 жылғы 6 ақпанда Алматы қаласы әкімдігінде қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапановтың төрағалығымен әділет департаменті, жергілікті полиция қызметі, индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары, барлық аудан әкімдері, Алматы қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» филиалының директоры қатысқан кеңес өтті.

Жиында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы нормаларын іске асыруға байланысты өзекті мәселелерді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев түсіндірді.

Кездесуге қатысушылар көппәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкін күтіп ұстау, паркинг, лифтілер қауіпсіздігі және оларды күтіп ұстау сияқты көптеген мәселелер көтерді. Қайырбек Өскенбаев жергілікті атқарушы органдардың газ, газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік бақылауды және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде қауіпті техникалық құрылғылардың қауіпсіз пайдаланылуын қадағалауды жүзеге асыру; қалаға бірыңғай сәулет келбетін беру үшін жергілікті бюджет қаражатынан қасбеттерді, шатырларды жөндеу; су басу аймақтарында тұрғын үйдің тұрақтылығын арттыру; жергілікті бюджет қаражатынан қайтарымды негізде лифтілерді жөндеу және ауыстыру; кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің құрамына тіркей отырып, жер учаскесін енгізу; апатты көп әтерлі тұрғын үйлерді бұзуды ұйымдастыру сияқты маңызды мәселелерге тоқталды.   

Жиын қорытындысында Ерлан Қожағапанов әкімдіктің жауапты құрылымдық бөлімшелеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру бойынша тұрғындарымен кездесу кестесін жасауға, үй кеңесі мүшелерін және көппәтерлі тұрғын үйді басқару нысанын таңдау үшін пәтер, тұрғын емес үй-жайлар иелері жиналыстарын өткізуді қамтамасыз ету, қолданыстағы көппәтерлі тұрғын үйлерді кондоминиум объектісі ретінде тіркеуді қамтамасыз ету, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне енбеген жалпы қолданыстағы жерлерді күтіп ұстау мен абаттандыру мәселелерін пысықтау жөнінде тапсырма берді.

Күннің екінші жартысында кездесу қала тұрғындарының қатысуымен жалғасып, оған Алмалы, Бостандық, Жетісу, Медеу және Түріксіб аудандарының тұрғындары қатысты. Олар тұрғын үйді күтіп ұстау, саладағы құқықтары және міндеттері сияқты өздерін толғандырған сұрақтар қойып, жауап алды. Дәл осындай шара бүгін Әуезов, Бостандық, Алатау, Наурызбай аудандарының тұрғындарымен де ұйымдастырылды. 

Мұндай кездесулерді өткізудің маңызы зор, өйткені Алматыда ең көп тұрғын үй қоры орналасқан. Оларға 800-ден астам кондоминиум объектісінің басқару органдары қызмет көрсетеді.

Еске сала кетейік, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы 2019 жылғы 26 желтоқсанда қабылданып, 2020 жылғы 7 қаңтарда күшіне енді. Заң тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын реформалауға, атап айтқанда құқық қолдану практикасы кезеңінде көптеген нормалары жетілдіруді талап еткен «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңын реформалауға бағытталған.